Ссылки доступа

Тәжікстанда әке-шешесі Ауғанстанда қайтыс болған балалар үкімет көмегіне зәру (видео)


Соғды облысында әке-шешесі Ауғанстанда қайтыс болған үш бала олардың о дүниелік болғанын растайтын ресми куәлік ала алмай келеді. Куәлік берілгенде ғана олар жетім болып саналады, сосын мемлекеттен жәрдем алады. 

Отбасылық жұп Нажмиддин мен Муножот 2012 жылы Ресейге жұмыс істеуге кетіп, кейін Пәкістан арқылы Ауғанстанға барған. Абдулло мен Рахима кішкентай болғандықтан, әке-шешесі оларды өзімен алып кеткен. Жамила сол жақта туылған. Надмиддин мен Муножот 2017 жылы қайтыс болған.

Абдулла ол кезде есейіп қалған, кейбір сәттері ғана есінде.

“Ол жақта қақтығыстар жиі орын алатын. Көп нәрсе есімде жоқ, бірақ жан бағу үшін ақша табуға әрекет етеміз. Әке-шешем ол жаққа не үшін барғанын түсінбеймін”.

Туыстарының білуінше, Нажмиддин мен Муножот ауған үкіметіне қарсы соғысқан “Ансаруллах” тобына қосылып кеткен. Бұл ұйым Тәжікстанда тыйым салынған топтардың тізімінде.

Балалардың атасы Ёкубхон Хошимов Тәжікстанның Ауғанстандағы консулдығы арқылы немерелерін тауып, елге әкелген.

Балалардың үлкені Абдулло Ауғанстандағы соғыстың психологиялық зардабын шегіп ғана қоймай, екі аяғынан да айырылған. Әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін, тау-тауды кезіп жүргенде, екі аяғы үсіп кеткен.

Қазір Абдулло 275 сомони көлемінде зейнетақы алады, бірақ атасы немерелерім қосымша көмекке зәру дейді.

Қазіргі кезде атасы Қызыл Жарты Ай қоғамдық ұйымының көмегіне сүйеніп жатыр.

XS
SM
MD
LG