Ссылки доступа

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы күштер атыс болған орыннан шығарылды


Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Шекара қызметінің мәліметінше, Баткен облысы мекеме басқармалары басшысы Кыялбек Толонбаев пен Тәжікстан ҰҚМК Шекара әскері Соғды облысы жөніндегі басқармасының басшысы Хикматулло Пираков келіссөздер барысында осындай шешім қабылдады.

Келісімге сәйкес, қосымша күштер мен қару-жарақ атыс болған орыннан әкетіледі.

Қырғызстанның шекара қызметі қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайды "айтарлықтай тұрақты, мазасыздық байқалады" деп сипаттады. Мәліметтерге қарағанда, екі республиканың шекарашылар делегациясы келіссөздерді "Овчи-Калача – автожол" (Тәжікстан) шекара бекетінде жалғастырады.

Еске салайық, 12 сәуірде кешке Қырғызстан мен Тәжікстан шекарашылары арасында атыс болды. Қарулы жанжал Қырғызстанның Баткен облысы Лейлек ауданына қарасты Селкана ауылында тіркелді. Екі елдің шекарашылары атысқан уақытта Тәжікстанның бір жауынгері жараланды. Оған ауруханада ота жасалды. Дәрігерлер науқастың жағдайы өте ауыр екенін хабарлады.

Осы оқиғадан соң атыс болған орынға екі елдің шекарашылары жиналды. Бірақ келіссөздер соңы тағы атысқа ұласып, бұл жолы қырғыздың бір шекарашысы жараланды. Оны Лейлек ауданының ауруханасына жеткізді.

Қырғызстан Шекара қызметінің хабарлауынша, екінші атыс шамамаен жарты сағатқа созылған, "тәжік жағы қырғыздың Достук ауылын минометпен" атқылаған.

Мәліметтерге қарағанда, Қырғызстанның күш құрылымдары мен мемлекеттік органдарын шекара үйлестіру жұмысын елдің Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Иманқұлов атқарып жүр. Тәжікстанның мемлекеттік органдары болған оқиғаға қатысты әзірге ресми мәлімет таратпады.

Бұның алдында, наурыздың ортасында Қырғызстан мен Тәжікстанның шекара мекемелерінің басшылары жауынгерлерге қару қолдануға тыйым салған. Мұндай шешім қабылдауға қырғыз-тәжік шекарасында 10-11 наурызда тіркелген атыс себеп болды. Сол кезде тараптар оқиғаны тексеруге келіскен.

XS
SM
MD
LG