Ссылки доступа

Қырғызстанмен шекарадағы атыста жараланған тәжік сарбазы ауруханада қайтыс болды


На таджикско-кыргызской границе

Билік 27 жастағы тәжік шекарашысы Зоир Саидумаров ауруханада қайтыс болғанын растады. Хатлон облысы Дусти ауданында туған жауынгер 12 сәуірде кешке тәжік-қырғыз шекарасындағы атыста жараланған.

Дусти ауданының төрағасы Даврон Нишонзоданың Озоди радиосына хабарлауынша, шекарашы жерлеу рәсімі 13 сәуірде түсте марқұмның туған ауылында өтті. Шекарашымен қоштасуға оның әскери бөліміндегі әріптестері келді.

"Біз көңіл айтып бардық. Зоирдің әкесі қайтқан, екі бауыры Ресейде жүр. Біз бұл отбасыға әлі көмектесеміз", - деді Нишонзода.

Аудан төрағасының айтуынша, Зоир Саидумаров 2020 жылғы көктемде әскерге қабылданған, оның қызметі аяқталатын уақыт жақындап қалған.

Озоди радиосы дереккөздерінің хабарлауынша, сержант Зоир Саидумаровтың ішіне, көкірегіне оқ тиген. Дәрігерлер оны аман алып қала алмады, өйткені сарбаздың жарақаты тым ауыр болған.

Бұл уақытта Озоди радиосының оқырмандары тәжік шекарашылары бронды жейдесіз қызмет атқара ма деп сұрап жатыр. Билік әзірге бұл сауалға жауап бермеді.

Қарулы жанжал 12 сәуірде Тәжікстанның Соғды облысы Бобожон Ғафуров ауданына қарасты Хистеварз ауылы мен Қырғызстанның Баткен облысы Лейлек ауданына қарасты Борбордук ауылы арасында болды.

Көрші елдер 13 сәуірде келіссөздер жүріп жатқанын хабарлады.

Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекара 970 шақырымға созылып жатыр, соның 519 шақырымының ғана ресми мәртебесі анықталған. Шекарадағы даулы жерлерде үнемі жанжал болып тұрады.

XS
SM
MD
LG