Ссылки доступа

Өзбекстанның үш тумасы Ұлыбританияның "қара тізіміне" енді 


Ұлыбритания Еуропалық одақпен келісіп, Ресейге қарсы санкциялардың тізімін кеңейтті. Оған 206 кәсіпкер мен саясаткер және олардың отбасы мүшелері енді. Осылай деп Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігінің сайтында жазылған. 

Тізімге Өзбекстанның үш тумасы да еніпті. Олар:

– 1959 жылы Ташкентте туған Гулбахор Исмаилова. Ресей азаматтығын алған, бірақ қазір Ташкентте тұрып жатыр;

– Саодат Нарзиева;

– 1987 жылы Ташкентте туған Нигина Заирова. Қазір Лондонда тұрып жатыр.

Gazeta.uz басылымының жазуынша, Гулбахор Исмаилова ресейлік олигарх Алишер Усмановтың қарындасы. Алишер Усманов өзіне санкция салған кезде, активтерінің бәрін қарындасына аударып үлгерген. Сонымен бірге "Дильбар" кемесін де Гулбахор Исмаилованың атына жазған. Қарындасы Ташкенттегі Федорович атындағы демалыс орнының 82,1 процент акция пакетіне иелік етеді.

Саодат Нарзиева да Алишер Усмановтың қарындасы. Ол қазір Ташкентте акушер-гинеколог болып жұмыс істейді. Ол сонымен бірге Humon Quality жеке клиникасына иелік етеді. Нарзиеваның Ұлыбританиядағы активтерінің бәрі бұғатталған. Осының алдында оған қарсы Еуроодақ санкция салған.

Нигина Заирова ресейлік "Альфа-банктің" негізгі иесі Михаил Фридманның көмекшісі ретінде де аты аталып келген. Михаил Фридман санкцияға түскеннен кейін, оның үш бірдей активі осы Нигина Заироваға аударылған. Қазір Ұлыбританияда Заированың барлық мүліктері мен қаржысы бұғатталды.

Бұдан бөлек "қара тізімге" "Лукойл" басшысы Вагит Алекперов, дума депутаты, танымал хоккеист Вячеслав Фетисов, "Система" компаниясының негізін қалаушы Владимир Евтушенков, Ресей президентінің көмекшісі Андрей Фурсенко, "Газпромбанктің" вице-президенті Сергей Фурсенко,сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың әйелі Мария Лаврова, "Группа Альянс" компаниясының президені Муса Бажаев пен кәсіпкер Сүлеймен Керимовтің ұлы Саид Керимов енген.

Тізімде сонымен бірге "Өмір үшін – оппозициялық платформа" ресейшіл партияның жетекшісі Виктор Медведчук та бар. Ол жақында Украинада ұсталды.

Осының алдында Ұлыбритания Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін Владимир Путин, Сергей Лавров, миллиардер Роман Абрамович, "Роснефть" басшысы Игорь Сечин, "Газпром" директорлар кеңесінің төрағасы Алексей Миллер және Путин мен Лавровтың қыздарына санкция салған.

XS
SM
MD
LG