Ссылки доступа

"Халықты ашықтан-ашық тонау!" Алматыда утилизация алымына қарсы митинг өтті


17 сәуірде Алматыда утилизация алымына қарсы митинг өтті. Оған шамамен жүзге жуық адам жиналды. Азаттық Инстаграмдағы парақшасында тікелей эфирде хабар таратты.

Утилизация алымы мәселесін көтеріп жүрген саясаткер Санжар Боқаев белсенділер тек шарықтаған көлік бағасын тежеуді немесе әрбір сатып алынған картоп немесе ұнның құнындағы утилизация алымының "үлесін" жоюды ғана көздемейді деді. "Утилизация алымына қарсы шыға отырып біз ашық, арсыз тонауға "жоқ" дедік" деді ол.

Саясаткер утилизация алымын олигархтар мен шенділердің халық қалтасына қол сұғуы деп атады.

"Егер үкіметте [алым ұстауға] қандай да бір негіз болса, тым болмағанда бір ғылыми түрде негізделген есептеу әдісі болса, мен тіпті 40-60 пайызға да келісер едім. Бірақ оларда ештеңе жоқ! Неге біз келісуге тиіспіз? Осы бассыздықтың бәрін олигархтар мен шенеуніктер ұйымдастырған, қазір олар жақсы қызметтерге жайғасты. Ешкім жауапқа тартылған жоқ. Ал мемлекетке 3 трлн теңге көлемінде шығын келді. Миллиард емес – триллион. Адамдардың қалтасынан 2 млрд теңге ақшасын алды. Басым бөлігі ұрланған, шетелге шығарылған" деді ол.

Саясаткер Болат Әбілов утилизация алымын саяси алым деп атап, бұл мәселенің тамыры тереңде жатыр деді. Оны елдегі жемқорлықтың бір көрінісі деп атады. Оның айтуынша, Қазақстан Қырғызстан, Армения сияқты елдерден арзан көлік тасуға мәжбүр, себебі ол елдердің биліктері ауыспалы, демократия бар, сайлау өтеді. Ол елдерде жаңадан сайланған президент туыстарын жауапты қызметтерге отырғызуды ойламайды деді.

Украинадағы Буча қырғыны туралы айтқан саясаткер "біздегі Буча қаңтарда болды" деді. Кемінде 238 адамның өмірін қиған қанды қырғыннан бері үш ай өтсе де, билік уәде еткен өзгерістердің ешқайсысын орындамады деді саясаткер. Халық өзгерісті күтсе, ол ешқашан келмейді, өзгерістің болуына өзі түрткі болуы керек, халық билікті қолына алуы керек деді.

Қазақстанда кейінгі жылдары белсенділер көлікті утилизациялау үшін алынатын салық мөлшерінің қымбаттығын айтып келеді. Қазір алым мөлшері көлік көлеміне қарай 437 мың теңгеден басталып, 5,9 миллион теңгеге дейін барады. Белсенділердің айтуынша, бұл тым қымбат және алымды жинау процесі ашық емес. Олар дамыған елдерде утилизация алымы 100 мың теңгеден аспайтынын, ал кей мемлекетте көлікті утилизациядан өткізетін зауыттар өзін-өзі қамтамасыз ететінін айтқан.

Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизация алымын жинаумен жеке компания емес, мемлекеттік орган айналысуы керек деп мәлімдеп, экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысты "Оператор РОП" компаниясын жабуды тапсырған.

Артынша оның функциясы "Жасыл даму" акционерлік қоғамына жүктеліп, ақпан айының басында утилизация алымын қабылдай бастаған. Ақпанның соңында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Қазақстанда автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасына утилизация алымының мөлшері 50 пайызға азаятынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG