Ссылки доступа

Танымал саясаткер Камолиддин Раббимов Ташкентте қамауға алынды


Камолиддин Раббимов
Камолиддин Раббимов

Танымал саясаткер әрі тәуелсіз сарапшы Камолиддин Раббимов 15 тәулікке қамауға алынып, Ташкенттегі тергеу изоляторына түсті. Бұл туралы журналист Ильёс Сафаров Facebook'тегі парағында хабарлады.

Оның айтуынша, саясаткердің отбасы одан 17 сәуірден бері хабар ала алмай отыр. Туыстарының айтуынша, Камолиддин Раббимов сол күні сағат 15:00-те үйден шығып, содан қайтып оралмаған.

"Жаңа ғана Камолиддинмен сөйлесудің сәті түсті. Телефонмен бар болғаны 5-6 секунд қана сөйлесе алдық. Камолиддин аға былай деді: "Мен абақтыдамын. 15 тәулікке". Бұл дегеніңіз, Камолиддин Раббимов дәл қазір тергеу изоляторында отыр“, – деп жазды журналист.

Өзбекстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Шохрух Гиясовтың хабарлауынша, 17 сәуірде Ташкенттің Шайхантахур ауданындағы "Чакар" махалласындағы тазалық шарасы кезінде Камолиддин Раббимов "қызметкерлердің жұмысына негізсіз араласып, оларға кедергі жасап, заңды талаптарын орындамаған".

Саясаткердің үстінен "ұсақ бұзақылық", "ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамау", "ішкі істер органдары қызметкерлерінің қызметіне кедергі жасау" баптары негізінде әкімшілік хаттама толтырылған. Құжаттар Шайхантахур ауданының сотына жолданған.

2007 жылы саяси баспана алған Камолиддин Раббимов Францияда тұрып келді. Ол Өзбекстанға бірнеше ай бұрын оралды.

XS
SM
MD
LG