Ссылки доступа

Қырғыз оппозициясы биліктен журналист Болот Теміровті қудалауын доғаруды талап етті


"Қырғызстанның біріккен демократиялық қозғалысы" 20 сәуірде зерттеуші журналист, YouTube-тегі Temirov LIVE арнасының авторы Болот Теміровтің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын жариялады.

Оппозициялық ұйым мәлімдемесінде "лауазымы жоғары тұлғалардың жымысқы әрекеттері мен қылмыстарын әшкерелеген журналист қудалауға ұшырағаны" айтылған.

"Теміровтің кезекті бір зерттеуі оған қарсы қысымның күшеюіне себеп болды. Журналистің үстінен тағы бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Бұны біз еркін ойлы, әділ әрі адал журналистің өз ісін адал атқаруға жасалған кедергі, оны жаманатты ету, қудалау деп білеміз", - делінген қозғалыс үндеуінде.

Ұйым мүшелері придент Садыр Жапаров пен ҰҚМК төрағасы Қамчыбек Тәшиевтен журналист Болот Теміровті қудалауды доғаруын талап етіп, бас прокурор Құрманкұл Зулушевтен Теміров пен басқа да журналистердің зерттеулеріндегі мәліметтерді тексеруін сұрады.

18 сәуірде Temirov LIVE арнасы ҰҚМК басшысы Қамчыбек Тәшиевтің балаларының мемлекеттік тендерлерге қатысқаны туралы зерттеу жариялады. Ертесіне, 19 сәуірде Теміровтің үстінен тағы бірнеше қылмыстық іс қозғалғаны мәлім болды. Журналист бұның бәрін кәсіби қызметімен байланыстырып, қылмыстық істерді Қырғызстан билігінің қысымы деп түсінеді.

Милиция мәліметінше, Болот Теміровтің үстінен "жалған құжат жасау", "Қырғызстан мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өту" баптары негізінде іс қозғалған.

Биылғы қаңтарда милиция Теміровті есірткіні заңсыз сақтады деп айыптап, оның кеңсесін тінтіген. 23 қаңтарда кешке оны ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатпен босатты. Болот Теміров сол кезде бұл істі Қамчыбек Тәшиевке қатысты зерттеуімен байланыстырған. Бұның алдында оның командасы "Екі күнде 37 млн сомды қалай табуға болады? Садыр Жапаров және Тәшиевтер схемасы" деп аталатын зерттеу жариялаған. Материалда мазут экспортындағы күмәнді схемалар жайында сөз болған.

Тәшиев өзіне қарата айтылған айыптарды жоққа шығарып отыр.

XS
SM
MD
LG