Ссылки доступа

Мәслихат депутаты Қайрат Құдайберген Қаңтар оқиғасына байланысты күдікті ретінде ұсталды


Алматы мәслихатының депутаты, блогер Қайрат Құдайберген ұсталып, уақытша қамау изоляторына отырғызылды. 

Бұл ақпаратты 21 сәуірде таңертең бірінші болып журналист Михаил Козачков Телеграм-арнасында хабарлады. Кейін ақпаратты Алматы прокуратурасы растады.

38 жастағы депутатқа "Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және қатысу" бабы (272-бап, 1,2-бөлігі) бойынша айып тағылған.

Құдайбергеннің ұсталғанын туыстары Tengrinews агенттігіне растаған.

Ақпаратқа қарағанда, Қайрат Құдайберген Қаңтар оқиғасы кезінде "Дикий Арман" деп аталып кеткен Арман Жұмагелдиевтің жанында болған деп айтылады. Жұмагелдиевтің өзі оқиға кезінде "адамдарды күшпен ұстап, ұрып-соқты" деген күдікке ілінген. Ол қазір қамауда отыр.

Orda.kz сайтының жазуынша, ақпан айында Қайрат Құдайбергеннің өзі ақпарат агенттігіне "Арманмен таныстығы жоғын, тәртіпсіздік кезінде алаңда көргенін, ол жаққа халықты басу үшін барғанын" айтқан.

Прокуратура әзірге ресми хабарлама таратпады.

Қайрат Құдайберген 2021 жылы Алматы қаласы мәслихатының депутаты болып сайланған.

XS
SM
MD
LG