Ссылки доступа

Батыс санкцияларына іліккен Беларусь өзбек тауарын көбірек сатып алады


Беларусь санкция салынған тауарлардың бір бөлігін Өзбекстаннан сатып алуды көздеп отыр. Өзбек үкіметінің басшысы Абдулла Әріповпен Ташкентте кездескен Беларусь премьер-министрі Роман Головченко осылай деп мәлімдеді.

"Ұжымдасқан Батыс тарапынан түрлі шектеулер салынған уақытта, Беларусь [Өзбекстаннан тауар импорттауды ұлғайтуға] мүдделі. Біз өзбек тауарын көбірек сатып алғымыз келеді", — дейді Головченко.

Беларусь премьер-министрінің хабарлауынша, Минск иірілген жіп, металл, азық-түлік, көкөніс алуды жоспарлап отыр. Беларусьта бұл тауарларға сұраныс жоғары, дейді ол.

Головоченконың айтуынша, 2017 жылдан бері Беларусь пен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы бес есе өскен.

Мәліметтерге қарағанда, 2021 жылы екі ел 301,9 млн долларға сауда жасаған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда сауданың 7,8%-ға ұлғайғанын көрсетеді.

2020 жылғы тамыздағы президент сайлауынан соң Батыс елдері халық наразылығын күшпен басқан Минск билігіне қарсы санкциялар енгізді. Беларусь Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдаған уақытта бұл санкциялар күшейе түсті.

XS
SM
MD
LG