Ссылки доступа

"Жалған құжат әзірледі" деп айыпталған қырғыз журналисі билікке үндеу жасады 


Қырғызстандық журналист, Temirov LIVE YouTube каналының негізін қалаушы Болот Темиров жоғары лауазымды шенеуніктерге арнап видео үндеу жариялады.  

Ол мәлімдемесінде 2006 жылдан бері журналист болып келе жатқанын, кейін өзін мемлекеттік қызметке шақырғанын айтты.

"Мені "Ақ үйге", президенттің баспасөз қызметіне жұмыс істеуге шақырды. Мен тиісті құжаттарымның бәрін тапсырғам, олар мені жіті тексерген", - деді журналист.

18 сәуірде Temirov LIVE каналы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиевтің балаларының мемлекеттік тендерге қатысуы жөнінде журналистік зерттеуін жариялаған.

19 сәуірде журналистке қарсы қылмыстық іс қозғалды. Оған "жалған құжаттар әзірлеу", "шекараны заңсыз кесіп өту" жөніндегі баптар бойынша айыптар тақты. Журналист мұның бәрін өзінің кәсіби ісіне байланысты екенін айтады.

Жыл басында Темиров заңсыз есірткі сақтады деген күдікке ілінген. Оның кеңсесіне тінту жүргізілген. Ол сол кезде бұл істің артында Ұлттық қауіпсіздік комитеті жатыр деген. Себебі, бірнеше күн бұрын оның командасы "Қырғызмұнайгаз" өндіретін мазутты экспорттаудағы күмәнді схеманы жариялаған. Мұнда да Камчыбек Ташиевтің қатысы бары айтылған.

Бірер күн бұрын Қырғызстан президенті Садыр Жапаров сұқбатында "журналист Темиров өзгенің әскери билетін ұрлап алып, оған өзінің суретін жапсырып, сол арқылы қырғыз төлқұжатын алған" деп айтқан.

XS
SM
MD
LG