Ссылки доступа

Әлия Назарбаева экологиялық ұйымдар қауымдастығы президиумы жетекшілігінен кетті


Әлия Назарбаева Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы президиумы жетекшілігінен кетті. Бұл жөнінде жергілікті БАҚ хабарлады.

Аталған ұйымның басқарма төрайымы Айгүл Соловьева Tengrinews агенттігіне Әлия Назарбаеваның қаңтар соңында өкілетінен бас тартқанын айтқан.

"Әлия Назарбаева Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығының президиумы жетекшісі өкілетінен бас тартты. Бұл қаңтар соңында болған. 4 ақпаннан бері қауымдастық мүшелерінің жалпы отырысын өткіздік" деді Соловьева агенттікке. Ақпанның басында оны президиум құрамынан шығару туралы шешім қабылданған.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева 2017 жылдың қараша айынан бері қауымдастық президиумын басқарған. Ұйымның ресми сайтында қауымдастық экологиялық бастамаларды дамытумен айналысады деп жазылған.

Кейінгі кезде президенттің кіші қызының есімі ақпарат құралдарында утилизация алымын жинаумен айналысқан "Оператор РОП" компаниясымен байланысты жиі аталған еді. Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизация алымын жинаумен жеке компания емес, мемлекеттік орган айналысуы керек деп мәлімдеп, аталған компанияны жабуды тапсырған. Артынша оның функциясы "Жасыл даму" акционерлік қоғамына жүктеліп, компанияның бұрынғы басшысы Медет Құмарғалиев "жемқорлықпен" ұсталған. Бұған дейін билік утилизация алымын жинайтын "Оператор РОП" компаниясына кейінгі бес жылда 691,9 млрд теңге қаражат түскенін, оның тиімді жұмсалмағанын айтып сынаған.

19 сәуірде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің лауазымды тұлғалары мен "Оператор РОП" өкілдері 180 млрд теңге қаражатты жымқыруға тырысты, бұл қаражатты электр энергиясын өндіретін қалдық өртеумен айналысатын алты зауыт құрылысы үшін жеке компанияларына аударуға талпынды деп мәлімдеген.

Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президенттің жақындары мен туыстарының кейбірі қамалған, кейбірінің шетелде жүргені айтылады. Қазір Әлия Назарбаеваның қайда екені белгісіз. Қаңтар айында жергілікті БАҚ оның соңғы жазбаларының бірін Біріккен Араб Әмірліктерінен жазғанын хабарлаған. Қаңтар ортасында оның "күйеуі" Димаш Досанов "ҚазТрансОйл" компаниясының басқарма бастығы қызметінен босатылған.

XS
SM
MD
LG