Ссылки доступа

Қырғыз-тәжік шекарасындағы қайғылы оқиғаға бір жыл толуына орай қырғыз президенті мәлімдеме жасады 


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қырғыз-тәжік шекарасында былтыр 28 сәуірде болған қайғылы оқиғаның бір жылдығына орай мәлімдеме жасады.

Ол бұл күнде тәуелсіз елдің тарихындағы қайғылы, ауыр күндердің бірі ретінде қалатынын атап өтті. Жанжалда қайтыс болғандардың туыстарына, жақындарына мемлекет тарапынан көмек көрсетілгенін айтқан президент Баткен облысын дамыту үшін арнайы бағдарламалар әзірленгенін жеткізді.

"Былтырғы оқиға шекара қауіпсіздігін күшейту керек екенін көрсетіп берді. Сол себептен қарулы күшті күшейту үшін республикалық бюджеттен қажетті заманауи әскери техникалар және басқа да жабдықтар сатып алынды. Бұл бағытта шаралар одан әрі жалғасады. Қырғыз-тәжік шекарасындағы даулы жер әлі шешілмеді. Оны шешу бізден сабырлылықты, ыждаһаттылықты және мұқият болуды талап етеді. Әлемде болып жатқан оқиғалар көрші елдермен шекараны тек бейбіт жолмен, өзара түсіністікпен шешуді көрсетіп жатыр. Қазіргі кезде екіжақты үкіметаралық комиссия жұмысын жалғастырып жатыр. Ілгерілеу бар", - деді қырғыз президенті.

Былтыр көктемде қырғыз-тәжік шекарасында орын алған қарулы қақтығыста 36 қырғыз азаматы қайтыс болып, 170-тен астамы жарақат алды. Жанжал кезінде бірқатар үйлер мен әлеуметтік нысандар зардап шекті. Тәжікстан 19 азаматы қайтыс болғанын мәлімдеді. Екі өлке бірін-бірі айыптап, қылмыстық іс қозғаған.

XS
SM
MD
LG