Ссылки доступа

Бас прокуратура кедендегі заң бұзғандар жайлы айтты. Тізімде "Назарбаевтың қарындасы" бар 


Бас прокуратура 3 мамырда кедендегі ірі заң бұзушылықтар жайлы айтты. 

Заң бұзғандардың тізімінде Group Of The Companies Tda компаниясы бар. Бұл экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған қарындасы Әнипа Назарбаеваға тиесілі.

"Бұл компанияның кеден салығын төлемегені, декларацияланған тауарлардың дұрыс емес екені анықталып, мемлекет қазынасына 165 млрд теңге зиян әкелген. Тек бір ғана Қытаймен кеден бекетінде 367 заң бұзу талаптары анықталған", - делінген бас прокуратура таратқан мәлімдемеде.

Аталған компания жалған құжаттар жасап, елге ірі тауар әкеліп жүрген.

"Алты айдың ішінде 800 млн теңгеге контрабандалық 16 оқиға тіркелген. Group Of The Companies Tda компаниясының жүк көліктерін тексерген кезде, 287 млн теңгенің декларацияланбаған тауары анықталған. Компания директоры қамауға алынды", - деп мәлімдеді бас прокуратура өкілі Дархан Дүйсембай.

Оrda.kz сайтының жазуынша, Group Of The Companies Tda компаниясының негізін қалаушы Әнипа Назарбаева мен Әли Қылышбаев.

Сонымен бірге "Нұрлы жол" кеден бекетінің басшысы мен оның орынбасары прокуратура қызметкерлеріне пара бермек болған кезде ұсталған.

Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың бірқатар туыстары мен жоғары лауазымды шенеуніктер қамауға алынды. Олардың арасында Назарбаевтың туған немере інісі Қайрат Сатыбалды мен оның әйелі Гүлмира Сатыбалды және Қайрат Боранбаев бар.

XS
SM
MD
LG