Ссылки доступа

Президент Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру туралы жарлыққа қол қойды


4 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жарлыққа қол қойды деп хабарлады Ақорда сайты.

Жарлықта Алматы облысының орталығын Талдықорғаннан Қонаев қаласына (Қапшағай) көшіру, Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру және бір ай ішінде ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспарын бекіту қажеттігі жазылған. Жарлық 8 маусымнан бастап күшіне енеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз ортасындағы халыққа жолдауынан кейін Қазақстанда тағы үш облыс пайда болатыны белгілі болған: Шығыс Қазақстан облысының Семей аймағында – Абай облысы, Қарағанды облысының Жезқазған өңірінде – Ұлытау, Алматы облысы аумағында Жетісу облысы құрылады.

Ұлытау облысына Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары, Жаңаарқа мен Ұлытау аудандары кіреді. Облыс орталығы Жезқазған қаласы болады.

Жетісу облысына Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары және Талдықорған мен Текелі қалалары кіреді. Облыс орталығы – Талдықорған қаласы болмақ.

Абай облысына Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандары және Семей, Курчатов қалалары енеді. Облыс орталығы - Семей болады. Осыған дейін Шығыс Қазақстанда облыс қана емес, екі аудан да бөлінетіні хабарланған. Көкпекті, Тарбағатай аудандары 1997 жылға дейінгі қалпына келтіріліп, қайтадан екіге бөлінбек.

Бұған дейін астанада азаматтар митинг өткізіп, Торғай облысын қайта құруды талап еткен еді.

XS
SM
MD
LG