Ссылки доступа

Алматы соты белсенді Инга Иманбайға айыппұл салды


Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 4 мамырда "бейбіт жиын тәртібін бұзды" деп айыпталған белсенді Инга Иманбайға 30 айлық есептік көрсеткіш (91,8 мың теңге немесе 209 доллар) көлемінде айыппұл салды.

– Әрине, сот шешімімен келіспеймін. Мұны маған, Жанболат Мамайға, "демпартияға" жасалған қысым деп бағалаймын. Бұл 7 мамыр күнгі митинг қарсаңындағы қорқыту әрекеті деп санаймын, – деді соттан кейін Инга Иманбай.

4 мамыр күндіз полицияның құқық қорғаушы, тіркелмеген «Демократиялық партия» белсендісі Инга Иманбайды ұстап әкеткені белгілі болған еді. Оны қамаудағы күйеуі, оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай отырған СИ-18 мекемесіне азық-түлік апарған кезде ұстаған.

- Жанболатқа кіріп-шыққан соң мекеме алдында үш көлікпен он шақты полицей күтіп тұрды. Хаттаманы көрсетіп, көлікке отыруымды сұрады. Адвокатыммен барамын дегеніме көнбей, мені қауіпті қылмыскер сияқты Алмалы аудандық полиция басқармасына әкелді, - деген еді белсенді сот өтпей тұрып Азаттыққа.

Иманбайдың сөзінше, полиция оған 4 сәуір күні Алматы полиция департаменті алдында Жанболат Мамайдың бостандығын талап еткен акция үшін кінә таққан.

- 4 сәуір күні сот Жанболат Мамайды босатуы керек еді. Біз Жанболатты күтіп алуға бардық, бірақ шығармаған соң сол жерде босатуын талап еттік. Акцияны [әкімдікке] ескертетіндей, біз оны шығармайтынын қайдан білеміз, - дейді Иманбай.

Ол өткен аптада да 7 мамыр күнгі митинг қарсаңында "партия" белсенділеріне қысым үдегеніне шағымданған. Қазір "демпартияның" үш белсендісі әкімшілік қамауда отыр. "Партияның" кейбір мүшелері осыған дейін әлдекімдердің өздерін аңдып жүргенін де айтқан.

Партия өкілдері 7 мамыр күнгі митингіде Қаңтар оқиғасын жан-жақты зерттеуді, ұсталғандарды босатуды және "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайды да босатуды талап етпек. Инга Иманбайдың айтуынша, ол шара жөнінде әкімдікке ескерту берген, алайда әкімдік ол күні басқа шаралар өтетінін, "митинг өткізетін орынның бос болмайтынын" хабарлаған. Бірақ "партия" өкілдері соған қарамастан бейбіт жиналу құқығын пайдаланып, митинг өткізетінін айтып отыр.

Тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының жетекшісі Жанболат Мамай өзіне қозғалған екі қылмыстық іс бойынша ( “билік өкілін қорлау” және “жалған ақпарат тарату”) қазір қамауда отыр. Оның жақтастары тағылған айыптың саяси астары барын айтады. Бұған дейін жақтастары наразылық өткізіп, белсендіні босатуға шақырған.

Осыған дейін Human Rights Watch, Amnesty International халықаралық ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға үндеген.

XS
SM
MD
LG