Ссылки доступа

Нұр-Сұлтанда суретші “терроризмді насихаттады” деген күдікке ілікті


Астаналық суретші Дәурен Макин “терроризмді насихаттады” деген күдікке ілініп, қамауға алынды, Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) оның үстінен тергеу жүрігізіп жатыр. Бұл туралы Азаттыққа суретшінің әкесі Асқарбек Макин хабарлады. Оның айтуынша, Дәурен Макин қамалғалы бес күн болған.

Әкесінің айтуынша, ұлына былтыр желтоқсан айында “Арыстан” деген бүркеншік аты бар адаммен кездесіп, “мемлекеттік қызметкерлерді кәпір” деп атап, билікке, оның тұтастығына қарсылыққа шақырған” деген айып тағылған.

– Ол саясатпен ісі жоқ, жай суретші. Намаз оқитыны рас, ол қылмыс па? – дейді Асқарбек Макин.

Оның сөзін Дәурен Макиннің адвокаты Жасұлан Көмеков растайды. Адвокаттың айтуынша, Макинге сурет салуды үйренеміз деген сылтаумен екі адам келіп, ортадағы әңгімені диктофонға жазып алған.

– Басқа ешқандай дәлел жоқ. Барлық айыптау әлдебір диктофондағы жазбаға құрылған. Оны да қолымызға берген жоқ. Бірақ сол жазбаға сараптама жасап, Макиннің сөзінде террористік сарын бар екені, әлгі екі адаммен әңгімеде билікті ауыстырып, оны шариғат жүйесіне негіздеп қайта құру керек деген ой айтылған деп қорытынды жасаған, – дейді ол.

Адвокаттың сөзінше, суретшінің өзі бұл сараптамамен келіспейді. Тергеуде ол ресми жауап беруден бас тартқан.

– Әзірге құжаттармен толық танысқан жоқпыз, – дейді адвокат.

Кей дереккөздер Макин мессенджерде "әлдебір хабарламаны жібергені үшін" істі болды деген болжам айтты.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті суретші Макиннің тұтқындалуына қатысты жауап беруден бас тартып, ресми сауал жолдауды сұрады.

46 жастағы Дәурен Макин – белгілі суретшілердің бірі. Оның “Наурыз”, “Мастер” картиналары Нұр-Сұлтандағы тарихи мұражайға қойылған. Оны әріптестері ұлттық, тарихи тақырыптарға көп картина салған суретші ретінде сипаттайды.

Қазақстанда соңғы жылдары "терроризм" айыбы бойынша ондаған адам сотқа тартылған. Орталық Азиядағы постсоветтік елдің билігі әдетте мемлекет қолдау танытатын "дәстүрлі діндерден" өзгеше кей діни топтарды "деструктивті ағымдар" деп сипаттайды.

2018 жылы Щучинск тұрғындары жеке кәсіпкерлер Дадаш Мәженов пен Ғалымжан Әбілқайыровты әлеуметтік желідегі аккаунттарында діни аудио жариялағаны үшін “терроризмді насихаттады” деп айыптап жеті жылдан астам уақытқа түрме жазасын кескен. Олар айыбын мойындамай, қарсы арыз түсіргенімен, ешқайсысы қанағаттандырылмады.

XS
SM
MD
LG