Ссылки доступа

Тәжікстан Ауғанстан тараптан атылған оққа қатысты пікір білдірді


Тәжікстанның шекара әскері "Талибан" қозғалысы мен "Ислам мемлекеті" (ИМ) террористік ұйымының арасында қақтығыс болды деп мәлімдеді.

7 мамырда Ауғанстанның Ходжагор елді мекенінде болған атыс кезінде оқтар Тәжікстанның аумағына түсіп кеткен. Қақтығыс бір жарым сағатқа созылған. Ходжагор ауданының қарсысында Тәжікстанның №12 шекара бекінісі орналасқан.

"Бұл аймақ Тәжікстанның мемлекеттік шекарасына өте жақын орналасқан. Адам өлімі мен материалдық шығын тіркелмеді", - деп мәлімдеді Тәжікстанның шекара әскері.

7 мамырда ИМ Тәжікстанға түскен зымыран соққысын мойнына алған. Террористік топтарды зерттейтін SITE ұйымы зымыранның расында ИМ тарапынан атқылағанын растады.

Бірқатар ауған ақпарат құралдары Тәжікстан аумағына екіден жетіге дейін зымыран жіберілгенін хабарлады.

Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Талибан" қозғалысы қазіргі уақытта Ходжагор аумағындағы террористік ұйым мүшелерінің көзін жоюмен айналысып жатыр деп мәлімдеді.

ИМ-нің Хуросон бөлімшесі бірнеше жылдан бері тәліптермен соғысып келеді. Таяуда ИМ өкілдері Ауғанстанда болған бірнеше жарылысты мойнына алды. Сәуір айында Мазари-Шарифтегі мешітті жарды. Жарылыстан 12 адам қайтыс болып, 58-і жараланған.

XS
SM
MD
LG