Ссылки доступа

Қаңтар оқиғасы кезінде "бітімгерлік миссиясымен" Қазақстанға барған қырғыз сарбаздары әлі ақша алмағанын айтады 


Қазақстандағы қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымының (ҰҚШҰ) бітімгерлік миссиясына қатысқан Қырғызстанның әскери қызметкерлері президент Садыр Жапаровқа үндеу жасады.

Олар әлі күнге дейін миссияға қатысқаны үшін өтемақы алмағанын айтады.

"Біз әскери тапсырманы орындағанымыз үшін әлі өтемақы алмадық. Қаржы министрлігі мәселе әлі шешілген жоқ деп жауап береді. Біз сізден осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймыз", - делінген үндеуде.

Қорғаныс министрлігі бұған қатысты әзірге жауап бермеді.

Қазақстанда қаңтар айының басында халық көтеріліп, көшеге шыққан кезде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұраған. 7 қаңтарда Қырғызстан парламенті Қазақстанға әскер жіберу жөнінде шешім шығарған.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев 150 әскери қызметкер, 8 бронетехника және 11 көлік жібергенін мәлімдеген. Олар 14 қаңтарда еліне оралған. Қырғыз әскері Алматыдағы Екінші жылу электр станциясын күзеткен.

Сәуір айында Қазақстандағы бітімгерлік миссиясына қатысқан сарбаздар маратталды деген ресми ақпарат тараған.

XS
SM
MD
LG