Ссылки доступа

Таулы Бадахшанды қолдаған тәжік атлеті Чоршанбиев 8,6 жылға сотталды


Чоршанбе Чоршанбиев
Чоршанбе Чоршанбиев

Душанбе қаласындағы Исмоили Сомони ауданының соты ММА атлеті, блогер Чоршанбе Чоршанбиевті 8 жыл 6 айға соттады.

Сот үкімі 13 мамырда кешке астанадағы тергеу изоляторының ғимаратында оқылды. Чоршанбе Чоршанбиев Интернеттің көмегімен конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге үндеді деп танылды. Сотталушы үкіммен келіспейтінін мәлімдеді.

Мемлекеттік айыптаушы соттан Чоршанбиевті 10 жылға соттауды сұраған. Озоди радиосы дереккөзінің хабарлауынша, ММА атлетінің адвокаттары сараптама қорытындысымен 13 мамырда ғана танысқан. "Адвокаттар бүгін сот үкімі шығатынын білмеді. Ол мұны тергеу изоляторында ғана естіді. Үкім оқылған уақытта залда Чоршанбиевтің туыстары болған жоқ. Сотқа адвокаттар ғана қатысты", дейді дереккөз.

ММА атлеті Чоршанбе Чоршанбиев былтыр 3 желтоқсанда Ресейде ұсталды. 29 желтоқсанда түнде ол Душанбеге департацияланды. Ертесіне таңертең атлетті әуежайда арнайы қызмет өкілдері күтіп алды.

Сол күні кешке Душанбедегі Шохмансұр ауданының прокуратурасы атлеттің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Былтыр 25 қарашада Таулы Бадахшан автономиялы облысының орталығында мыңдаған адам наразылыққа шықты. Чоршанбиев "Тәжікстан мен Памир халқын" қолдайтын видеоүндеу жариялаған. "Әділетсіздікке, бейкүнә жандардардың әділетсіз өліміне қарсы көтерілуге шақырамын", - деген ММА атлеті. Оның дәл осы сөздері қылмыстық іс қозғауға негіз болған.

XS
SM
MD
LG