Ссылки доступа

Жаңаөзенде Нұр-Сұлтанға бармақ болған “Кезби” мекемесінің мұнайшыларын полиция ұстаған


Kazakhstan - Oil workers of Kesbi near the Kazmunaygaz building. Nur-Sultan, 13 May 2022
Kazakhstan - Oil workers of Kesbi near the Kazmunaygaz building. Nur-Sultan, 13 May 2022

Жаңаөзен полициясы сенбі күні Нұр-Сұлтанға барып, наразылық білдіріп жатқан әріптестеріне қолдау көрсетпек болған бірнеше мұнайшыны ұстап, ұшақтары ұшып кеткен соң босатқан.

Бұл туралы Азаттыққа “Кезби” мекемесінің мұнайшысы Жанболат Сұлтанмұратов хабарлады. Оның айтуынша, өзінен бөлек Қайрат Бесінбаев, Ғалымжан Таңбаев пен Нұрсұлтан Дәулетовты да таңертең үйлерінен ұстап әкеткен.

- 14 мамыр күні таңғы 6-да полиция қасында екі арнайы жасақпен үйге келіп, ештеңе айтпастан полиция бөлімшесіне алып кетті. Ол жерде “Астанаға барасың ба?” , “Ереуілде жатқандарды қолдайсың ба?” тәрізді сұрақтар қойды. Сағат 11-де ұшағымыз ұшып кеткен соң босатты, - дейді ол.

Мұнайшылар өткен сенбі, 14 мамырда таңертеңгі 10-да Ақтаудан Нұр Сұлтанға ұшулары тиіс еді. Алдын ала алып қойған ұшақ билеттері жарамсыз болып қалған. Олар Нұр-Сұлтанға кететіні туралы жұмыс берушіге алдын ала хабарлағанын айтады.

Жаңаөзен қалалық полиция басқармасынан “Кезби” жұмысшыларының ұсталу себебі туралы түсініктеме алу мүмкін болмады, телефон тұтқасын көтермеді.

Жаңаөзендегі “Өзенмұнайгаздың” мердігер мекемесі “Кезби” компаниясы наразылығы басталғалы бір ай болды. Олар жалақының төмендігіне, еңбек жағдайының нашарлығы мен еңбек қауіпсіздігінің сақталмағанына шағымданады. “Кезбидің” отыз шақты мұнайшысы мамырдың бірінен бері Нұр - Сұлтанда жүр. Соңғы аптада алдымен еңбек министрлігі табалдырығында, кейін “Қазмұнайгаз” ұлттық компаниясы ғимараты алдында далада түнеп келеді.

Билік өткен аптада наразы мұнайшылардың жалақсыны 15%-ға көтеруді ұсынған. Бірақ онымен келіспеген "Кезби" мұнайшылары, “Өзенмұнайгаздың” ескі техникасымен өмірін қатерге тігіп жұмыс істеуден бас тартатындарын” айтқан. Олар не “Өзенмұнайгаз” мұнайшыларымен бірдей жалақы беріп, жаңа техникамен қамтамасыз етуді, не өздерін “Өзенмұнайгаз” компаниясына жаңа бөлімше ретінде қосуды талап етеді. Наразы мұнайшылар талаптары орындалмай кетпейтіндерін айтады.

Бүгін, 16 мамырда Жаңаөзенде еңбек министрлігі басқарған комиссия жұмысы басталды. Оның қашан және қалай аяқталатыны белгісіз.

XS
SM
MD
LG