Әлеуметтік желілерде жарияланған видеолардан арнайы киімдегі ондаған құрылысшының Ташкенттегі Nest One биік ғимараты маңына жиналғанын көруге болады. Наразылық акциясындағылар талаптарын дауыстап айтып тұр.
Көп уақыт өтпей ғимарат құрылысына қатысы бар Murad Buildings компаниясының негізін қалаушы Мұрад Назаров әлеуметтік желі қолданушыларынан "палау жетпей қалғаны үшін ғана" орынсыз шу шығармауын сұрады.
"Nest One алдында тұрмын. 17 мамыр, сағат 15:09. Шынымды айтсам, әлеуметтік желідегі орынсыз шудан шаршадым. Бір топ адам жиналыпты, бірдеңе болыпты деседі. Міне, тікелей эфирге шықтым. Даурықпаңыздар. Сізді палауға шақырмасам, дәмнен құр қалсаңыз, соған бола ашуланбаңыз. Тағы да палау басам. Тыныштық. Тікелей эфир. Босқа даурығудың не қажеті бар? Жұмыс қызып жатыр. Бәрі жұмыс істеп жүр", – деп мәлімдеді кәсіпкер.
Бір күн бұрын Мұрад Назаров 52 қабатты Nest One ғимаратының шатырында палау басып, оның видеосын жариялаған. Дегенмен ол жұмысшылар көшеге не себепті шыққанын түсіндіргісі келмеді.
Кейін Nest One әкімшілігі жұмысшылардың ереуіліне айлықтың кешігуі себеп болғанын растады. "Мамыр айында компания ішіндегі бір себептермен айлық 4-5 күнге кешіккен. 16 мамырда жұмысшылардың бәріне айлық 17 мамырда түсетіні хабарланды. Шынымен, жалақы таңертеңнен бастап банк карталарына аударыла бастады", - деді Nest One компаниясының өкілі.
Ташкент милициясының хабарлауынша, 17 мамырда таңертең болған оқиғадан "ешкім зардап шекпеді, құрылысшылар жұмысқа оралды".