Ссылки доступа

Қырғызстанда журналист Болот Теміровтің паспорттарын жарамсыз деп таныды


Зерттеуші журналист, YouTube-тегі Temirov Live арнасының авторы Болот Теміровтің хабарлауынша, оның паспорттары Мемлекеттік тіркеу қызметінің жарамсыз құжаттар базасына енгізілген.

Журналист мұндай шешімді тергеуші шығарғанын Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында айтты.

"Менің ісім сот қарауында жатқанына қарамастан, тергеуші қызмет бабын асыра пайдаланып, паспорттарымды жарамсыз деп тану жөнінде шешім шығарды. Заңға қайшы, тергеушінің мұндай құзыреті жоқ. Ешкім түсіндірмеді. Біз прокуратураға шағымдандық" - деді журналист.

Бішкек милициясындағылар осыған қатысты мәліметті мән-жайды анықтаған соң ғана бере алатынын айтты.

Биыл Болот Теміровке қарсы төрт бірдей қылмыстық іс қозғалды: есірткіні заңсыз сақтау, паспорт пен әскери билетті заңсыз алу, шекарадан заңсыз өту. Журналист бұл істерді өзінің кәсіби қызметімен байланыстырады.

Халықаралық ұйымдар Қырғызстан билігін Теміровті қудалауды доғаруға шақырып, оның үстінен қозғалған қылмыстық істерді сөз бостандығын шектеу деп атаған.

XS
SM
MD
LG