Ссылки доступа

Таулы Бадахшанның бейресми жетекшісі Мамадбокир Мамадбокировті өлтірді


Мамадбокир Мамадбокиров

Тәжікстандағы Таулы Бадахшан автономиялы облысының бейресми жетекшілерінің бірі Мамадбокир Мамадбокиров 22 мамырда Хорог қаласында өлтірілді.

"Жексенбі күні сағат 17:30-да Хорог қаласында қылмыстық топтардың ішінара қақтығысында Мамадбокир Мамадбокиров өлтірілді", - деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің Таулы Бадахшан бойынша бөлімі. Ресми мәлімдемеде оны "Бархорог махалласындағы ұйымдасқан қылмыстық топ көсемі" деп атаған. Облыс прокуратурасы осы оқиғаға қатысты алдын ала тергеу жүргізе бастағаны хабарланды.

Мамадбокировтің өлімін Озоди радиосының Хорогтағы кем дегенде үш тәуелсіз дереккөзі растады. Дереккөздердің мәліметінше, жергілікті халық арасында "Бойни" деген атпен танымал Мамадбокировті Бархорогтағы үйіне жақын маңда өлтірген. Мәліметтерге қарағанда, Хорогтың тағы бір тұрғыны жараланған. Әзірше осы оқиғаға байланысты толық мәлімет жоқ.

Мамадбокиров есімі жақында Хорогтағы наразылық акцияларға қатысты ақпараттарда ұшырасты. Ішкі істер министрлігінің 17 мамырда таратқан мәлімдемесінде Мамадбокир Мамадбокиров, Әлім Шерзамонов және Ульфатхоним Мамадшоева "Хорогта 16 мамырдағы заңсыз митингінің ұйымдастырушылар" деп сипатталды.

Мамадбокир Мамадбокиров - тәжік шекара әскерінің бұрынғы командирі, Таулы Бадахшан бейресми жетекшілерінің бірі.

2021 жылғы қарашада Хорогтағы наразылықтан соң жергілікті телеарналар Мамадбокировті қылмыстық топтармен байланыстырған. Бұрынғы командир бұл айыптауларды жоққа шығарған.

Биыл қаңтар айында облыс төрағасы Әлішер Мирзонабот жергілікті хукумат жиналысынды Мамадбокир Мамадбокировті де "ұйымдасқан қылмыстық топтардың жетекшісі" деп атаған.

Мұндау айыптауға видеоүндеумен жауап берген Мамадбокиров: "Биліктен бізге тыныш өмір сүруге мұрсат беруін сұраймыз, бірақ оларды бізді қамап, өлтіріп жатыр. Менің де берілгенімді талап етті. Бірақ менің не кінәм бар? Біз бар болғаны бейбіт өмірді қалаймыз" - деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG