"Санкциялардың аясында "Сбербанк", "Альфа-Банк" және "ВТБ банктің" Қазақстандағы еншілес банктерінің шетел валютасындағы есеп-шоттары бұғаттаулы. Онда қазақстандықтардың 9,2 млрд теңгесі бар", - деп мәлімдеді агенттік төрайымы Мадина Әбілқасымова депутаттық сауалға жауап беріп.
Атап айтқанда, "Альфа-Банкте" — 6,2 млрд теңге, "Сбербанкте" 2,7 млрд теңге, "ВТБ банкте" 300 млн теңге бұғаттаулы деді ол.
"Бұдан бөлек "Сбербанкте" жеке клиенттердің шетел валютасымен сақтаған 2,9 млрд теңгесі, "Альфа-Банктің" 3,9 млрд теңгесі құлыптаулы жатыр", - деді Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы.
Қазір "Альфа-Банк Қазақстанның" жаңа акционері Банк ЦентрКредит банкті АҚШ-тың санкция тізімінен шығарып алуға тырысып жатыр.
Ал ВТБ банкке қатысты клиенттерге ақшаны "басқа банктер арқылы" қайтарып жатуы мүмкін дейді Мадина Әбілқасымова.
Мамыр айының басында Банк ЦентрКредит Альфа-Банк Қазақстанның 100 пайыз акция пакетін сатып алғанын мәлімдеген. Банктің атауы ресми түрде Eco Center Bank деп өзгертілді.
24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін АҚШ-тың қаржы министрлігі Ресей банктеріне санкция салған.