Ссылки доступа

Қырғызстанда "паспорт мафиясы": бір ғана ауданда 3,5 мың паспорт жоғалған


Қырғызстанда Ош облысы Үзген ауданының халықты тіркеу департаментінде жойылуы тиіс 2 101 паспорт пен 1667 ID-карт жоғалған.

Бұл туралы республиканың цифрлік даму министрі Талант Иманов Facebook'тегі парағында хабарлады. Ол "паспорт мафиясымен" күрестің алдына ала нәтижесін жариялады.

Министрдің айтуынша, тексеруден соң аймақаралық бөлім маманы ұсталды, Араван ауданының бөлім меңгерушісі үйқамаққа түсті, департамент қызметкерлері мен бөлім жетекшілеріне сөгіс жарияланды.

"Президент осы мәселені бақылауға алды. Паспорт мафиясымен күрес қалай жүріп жатқанын үнемі хабарлап тұрамыз", - деді Иманов.

Биыл сәуір айында министр Халықты тіркеу департаментінде паспорт мафиясы бар деп мәлімдеген.

"Паспорт мафиясының тамыры тереңдеген. Ол елді миллиардтаған сом шығынға батырып отыр. Олар параны қорықпай алады, сөйтіп жемқорлықтың жайлауына жол ашады. Бұл салаға ревизия жүргізу керек. Жалған паспортқа қатысты жемқорлық ауқымы үлкен - мыңдаған жалған құжат беріліп жатыр. Бұл - ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп", - деп мәлімдеді министр.

Қырғызстанда жасалған жалған паспорттар шетелде терроризм және басқа да ауыр қылмыстарға қатысы бар жанжалдарда бірнеше мәрте көрініп қалды. 2017 жылы Қырғызстанның елуден астам азаматы Оңтүстік Кореяға бару үшін аты-жөнін өзгертіп, жалған құжат жасатқан. 2016 жылы Стамбулда ұсталған 98 қытай азаматынан Қырғызстанның заңсыз паспорттары табылған. 2018 жылы Испанияда Ресейдегі ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі Борис Матузный ұсталды. Ол Қырғызстан азаматының екі паспортын пайдаланған.

XS
SM
MD
LG