Ссылки доступа

Экономика министрі Қуантыров: "инфляция - сау экономика нышаны"


Қазақстан ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың пікірінше, ұлттық валютаның "шынайы бағамы" енді ғана қалыптасты. Министр 25 мамырда парламенттегі журналистерге осылай деп мәлімдеді.

Қуантыровтың айтуынша, ақпан-наурыз айларында теңге бағамының құлдырауына бірнеше жағдай әсер етті, бизнес пен халықтың даурығуы да долларға сұранысты арттырып жіберді.

— Одан соң жағдай тұрақталды, қазір әлдеқайда жақсарғанын көріп отырмыз. Соған қарамастан біз наурыз айында-ақ бюджет пен болжамды нақтылап, бюджеттегі доллар бағамын 460 теңгеге дейін көтердік, - дейді министр.

Қазақстан ұлттық валютасының долларға шаққандағы бағамы биыл наурыз айында 510 теңгеге жеткен. Енді ол нығайып жатыр. 25 мамырда Қазақстан қор биржасының (KASE) күндізгі саудасында доллардың ұлттық валютаға шаққандағы орташа бағамы 415,12 теңге болды.

Дегенмен сарапшылар теңге нығайғанымен инфляция арта береді деп болжайды. "Рубль тым қымбат болып бара жатқан соң Ұлттық банк теңгені нығайтады, өйткені ресейлік тауарлардың қымбаттауы инфляция туғызады", - деді экономист Арман Байтанов. Ақпан-наурыз айларында 1 рубль 5 теңгеден арзанға бағаланса, қазір рубль 7 теңгеге дейін нығайып алды.

Сәуір айында Қазақстан инфляция көрсеткіші бойынша Еуразия экономика одағы елдері арасында екінші орын алды. Мамырдың басында Қазақстан Ұлттық банкі инфляция 13,2 пайызға артқанын мәлімдеген. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың пікірінше, "инфляция - сау экономика нышаны", инфляция болмағаны "экономиканың тұралап қалғанын" білдіреді.

XS
SM
MD
LG