Ссылки доступа

Садыр Жапаров: Қырғызстан мен Қазақстан арасында саяси қайшылық жоқ


Қазақстан мен Қырғызстан арасында саяси қайшылық жоқ. Көрші елдер екіжақты байланыстарды қалай дамыту керектігін жақсы түсінеді.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Бішкекте Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескенде осылай деп мәлімдеді.

Қырғыз басшысының айтуынша, соңғы 30 жылда көрші елдер қарым-қатынасын стратегиялық әріптестік деңгейіне көтере алды. Жапаров Одақтас қарым-қатынастар туралы екіжақты келісімді "қазіргі заман талабына сай" жаңартуды ұсынды.

"Осыған орай, екі елдің сыртқы саясат мекемелеріне тапсырма беріп, Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы одақтас қарым-қатынастар туралы келісімнің жаңарған нұсқасын Жоғарғы Мемлекетаралық кеңестің кезекті отырысына дайындауын ұсынамын", - деді қырғыз президенті.

Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапарының қорытындысы бойынша түрлі салалардағы әріптестікті қамтитын 13 құжат қабылданды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға ресми сапармен 26 мамырда барды. Жапаровпен келіссөздер жүргізумен қатар ол Бішкекте өтіп жатқан Еуразия экономикалық форумына онлайн-форматта қатысады. ЕАЭО елдерінің барлық президенті форумға видеоконференция форматымен қосылады.

Бұның алдында қырғыз үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Арзыбек Қожошев Қырғызстан мен Қазақстан басшыларының келіссөздерінде шекарадағы жүк тасымалы мәселелері де талқыланатынын айтқан.

Биыл сәуір айында қырғыз-қазақ шекарасындағы "Ақ-Тілек" бақылау өткізу бекетінде жүк көліктері ұзақ уақыт кезек күтіп қалды. Келіссөздерден соң ұзын-сонар кезек қысқарған. Алайда мамыр айында Қазақстан Қырғызстанмен шекарада жүк көліктеріне бақылауды күшейткісі келетінін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG