Ссылки доступа

Сарапшылар Тәжікстанда рубль бағамының өзгеру себебін түсіндірді


Тәжікстанда үш апта тоқтаусыз көтерілген ресейлік рубль бағамының өсімі сәл бәсеңдеді. Қазір тәжік банктерінде 1000 рубльді 167 сомониге ауыстырып береді. Өткен аптаның соңында рубль бағамы 173 сомони болған.

Тәжікстандықтар рубль бағамын күнде бақылап отыруға мәжбүр, өйткені Ресейде жұмыс істейтін еңбек мигранттары ақшаны ресейлік валютамен жолдайды, ал тәжік банктері сомониге ауыстырып береді.

Тәжікстан Ұлттын банкі ресейлік валюта бағамының құбылу себебін түсіндіруден бас тартты.

Сарапшылардың кейбірі рубль бағамының төмендеуі "уақытша құбылыс, ол бірнеше күнге созылуы мүмкін" деп болжайды. "Азия-Плюс" ақпарат агенттігінің экономика бойынша сарапшысы Фозилжон Фатхуллоевтың айтуынша, "1000 рубль 157 сомониге дейін төмендеген, тамызға дейін қайта қалпына келуі мүмкін".

Биыл ақпан айында Ресей Украинаға басып кірген уақытта 1000 рубль тәжік банктерінде бірден 100 сомониге дейін түсіп кетті, бірақ Ұлттық банк бағамды ресми түрде 136 сомони деп белгілеген.Сәуірдің басында ғана бағам 150-160 сомониге көтерілді.

Сарапшылардың кейбірі рубль бағамының көтерілуін "қаржыны көптеп құйғанымен" түсіндіріп, "Ресейдың қаржы саласындағы жетістігі көпке созылмайды" деп мәлімдеді. Олардың пікірінше, Батыс ресейлік мұнай мен газға тәуелділіктен тезірек арылу жолдарын іздестіріп жатыр", сол кезде рубль бағамы құлдырап кетеді.

Ресей Тәжікстанның жүздеген мың азаматы үшін басты табыс көзі болып қалды. Еңбек мигранттарының елдегі отбасы солар жолдаған ақшаға күн көріп отыр. Сол себепті республикадағы көптеген отбасы рубль бағамы қалай өзгеретінін білгісі келеді.

XS
SM
MD
LG