Ссылки доступа

Қырғыз-тәжік шекарасында тағы атыс болды


Қырғызстан ҰҚМК Шекара қызметінің хабарлауынша, қырғыз-тәжік шекарасында екі елдің шекарашылары атысқан.

Шекара қызметінің мәліметінше, Баткен ауданындағы Бұлақ-Башы деп аталатын жерде шекарашылар көрші елдің шекарашылары шартты шекара сызығынан өтіп кеткенін байқаған. "Қырғызстан шекарашыларының заңды талаптарына құлақ аспаған тәжік шекарашылары қырғыз жауынгерлеріне оқ атты. Екі елдің шекарашылары арасында атыс болып, тәжік жағы миномет қолданды. Алдын ала мәлімет бойынша, қырғыз жағы зардап шекпеді", - деп хабарлады Қырғызстан шекара қызметі.

Мәліметке қарағанда, Қырғызстан шекара қызметінің директоры мен Тәжікстан шекара әскерінің қолбасшысы телефонмен сөйлесіп, атысты доғаруға келіскен. Алайда тәжік жағы әлі оқ атып жатыр, деп мәлімдеді қырғыз шекара қызметіндегілер.

Шекара қызметінің мәліметінше, сағат 13:00-де атыс әлі жүріп жатқан. Тәжік жағы шекарадағы атысқа қатысты әзірге мәлімет таратпады.

Бұның алдында екі ел арасындағы шекараның 972 шақырымының 664 шақырымы келісілгені хабарланған. Мәліметті Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон растаған. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Тәжікстанмен арадағы шекара мәселесі "жақын арада" шешіледі деп мәлімдеген.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы даулы жерлерде үнемі қақтығыс болып тұрады. 2021 жылғы сәуірдегі ірі қарулы жанжал кезінде қос тараптан ондаған адам қаза болды.

Биыл сәуір айында қырғыз-тәжік шекарасында тағы бір атыс болып, бір тәжік шекарашысы оққа ұшты.

XS
SM
MD
LG