Ссылки доступа

Қаңтардағы шеруде "Жаңаөзенді қолдайық! Шал, кет!" деп ұрандаған белсенді Молдабай Сәдібековті сот үш жылға түрмеге қамады


Kazakhstan – Moldabai Sadibekov, a civil activist. Shymkent, 3 May 2022
Kazakhstan – Moldabai Sadibekov, a civil activist. Shymkent, 3 May 2022

Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты Қаңтар оқиғасына қатысқан белсенді Молдабай Сәдібековті "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған" деген айыппен үш жылға түрмеге қамау туралы үкім шығарды.

Белсенді сот үкімімен келіспейтінін, апелляцияға шағым беретінін айтады. Молдабай Сәдібеков – Қаңтар оқиғасына байланысты жауапқа тартылған белсенділердің ішінде түрме жазасын алған алғашқы адам.

6 маусым кешке судья Мадияр Әбдірасилов Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-3 бөлігі ("Жаппай тәртіпсіздікке қатысу және шақыру") бойынша айып тағылған шымкенттік белсенді Молдабай Сәдібековті қылмысқа кінәлі деп танып, үш жылға бостандығынан айыруға үкім шығары. Сот белсендіге 380-бап ("Билік өкіліне күш қолдану") бойынша айып қате сараланып, негізсіз тағылғанын айтып, ол айыпты алып тастады.

– Тағылған айып өз дәлелін тапты, қылмыс жаппай тәртіпсіздік кезінде жасалған. Бір оқиға екі баппен сараланған соң, "Билік өкіліне күш қолдану" бабын алып тастадық, – деді үкімді түсіндірген судья.

Үкімге сай, Сәдібеков жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуі тиіс. Сот 10 қаңтардан бері тергеу абақтысында отырған айыпталушының қамаудағы әр күні бір жарым күнге есептелетінін хабарлады.

Сот үкімі күшіне енген жоқ, екі тарап апелляция шағымын беруге құқылы.

Молдабай Сәдібеков "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айыпты мойындамайды, сот үкімімен де келіспейді. Ол 5 қаңтарға қараған түні жаппай наразылыққа бейбіт митинг деп барғанын, билікке талабын айтып, видеоға түсіргенін, бірақ жаппай тәртіпсіздікке қатыспағанын, қылмыстық істе жәбірленуші деп танылған билік өкілі – полиция қызметкерін ұрмағанын айтты.

–Үкіммен келіспейміз. Апелляция шағымын береміз, – деді Сәдібековтің адвокаты Гүлнәр Алтыбай.

51 жастағы Молдабай Сәдібеков – бес баланың әкесі. Осыдан үш жыл бұрын мүгедек баласы қайтыс болған. Үш баласы әлі кәмелетке толмаған.

Қаңтарда Жаңаөзендегі сұйылтылған газдың қымбаттауына қарсы жаппай наразылық елдің өзге өңірлеріне де тарап, оның аяғы жаппай тәртіпсіздік пен тәуелсіз ел тарихында бұрын болмаған үлкен қантөгіске ұласты.

Ресми ақпарат бойынша, Қаңтар оқиғасында кемінде 238 адам қаза тапты. Шымкентте 20 адам қаза болып, 120-дан аса адам жараланған.

Молдабай Сәдібеков 4 қаңтарда түске жақын қала әкімдігі маңындағы "Метро" сауда орталығы алдына келіп, Жаңаөзендегі наразыларды қолдайтынын білдірген. 5 қаңтарға қараған түні Шымкенттің орталығында басталып, қала әкімдігінің алдында жалғасқан жаппай наразылыққа қатысқан.

XS
SM
MD
LG