Ссылки доступа

Мәсімовті қамауда ұстау мерзімі 6 шілдеге дейін созылды


Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовті қамауда ұстау мерзімі тағы бір айға - 6 шілдеге дейін созылды. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары ҰҚК-ға сілтеме жасай отырып хабарлады.

Комитет төрағасының бұрынғы орынбасары Әнуар Садықұловты да қамауда ұстау мерзімі тағы бір айға созылғаны мәлім болды. Ал комитет төрағасының тағы бір бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин 13 шілдеге дейін қамауда отырады.

Арнайы қызмет басшысының бұрынғы орынбасарларына "қызмет бабын асыра пайдаланды, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді" деген айыптар тағылған.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "сенімді адамы" саналған Кәрім Мәсімов ҰҚК басшысы қызметінен 5 қаңтарда алынды. Сол күні ол Қауіпсіздік кеңесінің жиналысына қатысқан. Онда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға "терроршылар" шабуылдады деп мәлімдеген.

8 қаңтарда ҰҚК Мәсімовтің "мемлекетті сатты" деген күдікпен ұсталғанын хабарлады. 13 қаңтарда комитет оған "билікті күшпен басып алуды көздейтін әрекеттер жасады" деген айыппен іс қозғалғанын жариялады.

Мамырдың аяғында Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетін реформалау жөніндегі жарлыққа қол қойды.

XS
SM
MD
LG