Комиссия мәлметіне қарағанда, референдумда дауыс бергендердің 77,18 пайызы өзгерістерді қолдаған. ОРК келтірген мәліметтер алдын ала жасалған қорытындымен негізінен сай келеді.
Ақырғы қорытынды мен алдын ала қорытындының жалғыз айырмасы — өзгерістерді қолдаушылар санында ғана. Ақырғы қорытындыға қарағанда, референдумда 6 миллион 163 мың 516 адам өзгерістерді қолдап дауыс берген. Алдын ала қорытындыда бұл цифр 6 миллион 163 мың 863 адам болған.
Референдум қорытындысы дауыс бергендердің 18,66 пайызы, яғни 1 миллион 490 мың 470 адам қарсы болғанын көрсеткен.
7 маусымдағы мәліметтерге қарағанда, референдумға дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 68,05 пайызы қатысқан. Дауыс беруге құқығы бар республика азаматтарының жалпы саны – 7 миллион 985 мың 769 адам.
ОРК төрағасы Нұрлан Әбдіров конституцияға енгізілетін өзгерістер референдумның ақырғы қорытындысы жарияланған күннен бастап күшіне енетінін мәлімдеді.
5 маусымдағы референдум кезінде тәуелсіз бақылаушылар түрлі заң бұзушылықтар болғанын хабарлаған. Референдумнан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "дауыс беру барысы демократия талаптарына сай өтті. Ешқандай мәжбүрлік болған жоқ" деп халыққа үндеу жасаған.