Ссылки доступа

ЕО Қазақстандағы референдумды "қаперге алатынын" мәлімдеп, билікті ЕҚЫҰ ұсыныстарын орындауға шақырды


Еуропа одағы Қазақстандағы референдумды "қаперге алатынын" мәлімдеп, Нұр-Сұлтанды ЕҚЫҰ-ның адам құқығы және демократия институты бойынша бюросының адам құқықтарына қатысты ұсыныстарын толық орындаудың өте маңызды екенін атап өтті.

"ЕО президент Тоқаевтың Қаңтар оқиғасынан кейін басталған әлеуметтік-экономикалық реформаларына қосымша 16 наурызда жариялаған саяси реформалар жасау ұсыныстарын қолдайды. Қазақстан Еуропа одағының маңызды әрі бағалы серіктесі болып қала бермек. Біз өзара келісімдерді сақтау және қарым-қатынасты, соның ішінде бейбіт митингілер өткізу, ойын ашық айту және бірлестік құру, сауда байланысын дамыту бойынша да жұмыс істеуді жалғастырамыз" деп жазылған ЕО баспасөз хатшысының мәлімдемесінде.

2020 жылы қаңтардағы парламент сайлауынан соң ЕҚЫҰ миссиясының бақылаушылары Қазақстанда бірлестік құру, бейбіт жиын өткізу және пікір білдіру еркіндігінің негізсіз шектелуіне байланысты сайлаушылардың таңдау мүмкіндігі аз болғанын айтқан еді.

Орталық референдум комиссиясы 5 маусымда Қазақстанда болған Конституция бойынша өзгерісті дауыс бергендердің 77,18 пайызы өзгерісті қолдады деп мәлімдеді. Референдумда дауыс беру күні тәуелсіз бақылаушылар мен журналистер бюллетеньдерді топтап тастау, тәуелсіз бақылауға кедергі келтіру сынды заң бұзушылықтар болғанын айтқан.

Негізгі заңға енгізуге ұсынылған толықтырулар мен өзгертулерде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру; өлім жазасын жою; омбудсменнің мәртебесін негізгі заңда бекіту; қызмет өкілетін атқару кезінде президенттің саяси партия мен қозғалысқа мүше болуына, ал оның туған-туысына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу; парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері қамтылған.

Өзгеріске сай, Конституциядан бірінші президентке (Нұрсұлтан Назарбаев) берілген артықшылықтың бәрін алып тасталды.

XS
SM
MD
LG