Ссылки доступа

Қамаудағы Жанболат Мамай Қаңтар оқиғасы бойынша куәгерден күдіктіге айналды. Оған тағы екі айып тағылды


Алматының тергеу изоляторында (СИ-18) үш айдан аса қамауда жатқан саяси белсенді Жанболат Мамайға тағы екі айып тағылып, бұған дейінгі "қорғануға құқығы бар статусынан" күдіктіге ауысқан. Бұл туралы Азаттыққа әйелі Инга Иманбай хабарлады.

– Бұған дейін Қылмыстық кодекстің екі бабы: "Билік өкілін қорлау" (378 бап) және "Жалған ақпарат тарату" (274 баптың 2-тармағы) баптары бойынша айыпталып, күдікті ретінде тергеліп келген. Қамауға алғаннан кейін Қаңтар оқиғасына байланысты тағы екі бап: 272 баптың 1-тармағы және 274 баптың 4-тармағы бойынша айыптар қосып, олар бойынша қорғануға құқығы бар куәгер боп келген. Кеше осы екі бап бойынша оның куәгерден күдіктіге айналғаны белгілі болды, – дейді Инга Иманбай.

Оның сөзінше, билік "Жанболат Мамайды Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушы" ретінде қарастырғысы келеді.

– 272-нің 1-бабы мен 274-баптың 4-баптары бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға болады. Жанболаттың Қаңтар оқиғасын ұйымдастырмағаны, ешқандай топты бастамағаны белгілі. Оның сөздері желіде тараған. Қаңтардың төртінде "Алматы аренаға" барғанымен, көп ұзамай оны полиция әкеткен. Ертеңіне, бесінші қаңтарда оны алаңда соққыға жығып, үйге қайтты, – дейді Иманбай.

Тіркелмеген "Демократиялық партия" жетекшісі, 34 жастағы Жанболат Мамай биыл 26 ақпаннан бері қамауда жатыр. Оның жақтастары бұл істердің саяси астары барын айтады. Әлеуметтік желіде Жанболат Мамайдың үндеуі тарап, өзіне тағылған айыптардың "ақылға қонымсыз" екенін айтқан.

"Бұл айыптар түкке де тұрмайды. Біріншіден, "Алматы арена" маңында сөйлеген сөзімнің толық нұсқасы бар. Онда ешкімді ешқайда баруға шақырмағаным анық естіліп тұр. Керісінше, ештеңені бүлдірмей, полициямен қақтығысқа бармауға өтінгенім жазылып қалған… Екіншіден, жалғыз өзім жаппай тәртіпсіздік қалай ұйымдастырады екенмін? Маған бағынған "топ" қайда? Олар кімдер? "Ұйымның" анық та дәл жоспары қайда? Әлде жалғыз өзім құқық қорғаушы органдардың мыңдаған қызметкерін бұзып-жарып, таптап өте шығатын қазақтың "Рэмбосымын" ба?" дейді Инга Иманбайдың әлеуметтік парақшасы арқылы тараған үндеуде.

Үндеуде Жанболат Мамай өзінің Нұрсұлтан Назарбаев тұсында да қудаланып, түрмеге жабылғанын, сол үрдіс Тоқаев кезінде де жалғасып жатқанын жазған.

"Билік репрессиясы алдында бас имеймін. Күресе беремін және өз шындығымды соңына дейін дәлелдеп шығамын!" дейді үндеуде.

Бұған дейін Human Rights Watch, Amnesty International халықаралық ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға шақырған.

Ресми мәліметке қарағанда биыл Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда 238 адам өлген. Қазақстан билігі мұны "ұйымдасқан террористік шабуыл" деп атаған. Бастапқыда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға 20 мың террорист шабуыл жасады деп мәлімдегенімен, 5 маусымдағы референдум күні журналистерге айтқан сөзінде "бұл цифрды құқық қорғау органының бұрынғы басшылары бергенін" айтып, "террористік шабуыл бүкіл елге жасалғанын" ескерткен. Тоқаевтың сөзінше, қазір Қаңтар оқиғасына байланысты 5,5 мың қылмыстық іс қозғалып, 500 қылмыстық іс сотқа жолданған.

Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов пен үш орынбасары "билікті басып алмақ болды" деген айыппен қамауға алынған.

XS
SM
MD
LG