Оқыс оқиға Берлиннің батысындағы Шарлоттенбург ауданында болған. Куәлердің сөзінше, сұр түсті Renault Clio көлігі алдымен тротуарда кетіп бара жатқан бір топ адамның арасына кіріп, кейін көшеге қайта шығып, жақын маңдағы дүкендердің біріне барып соғылған.
Зардап шеккен Гессен қаласының оқушылары Берлинде экскурсия жасап жүрген. Кей дерекке қарағанда, жарақат алғандар 30 адамға жетуі мүмкін, кейбірінің жағдайы өте ауыр.
Полицияның хабарлауынша, көлікті айдаған 29 жастағы Берлин тұрғыны ұсталған. Ол адамның Германия және Армения елдерінің азаматы екені анықталған. Қазір оқиғаның мән-жайы мен себебі анықталып жатыр.