Ссылки доступа

Мұнай-газ саласынан жұмыс сұрап, Жаңаөзен әкімдігі алдына түнеп жүрген наразылар Ақордаға келді


Жаңаөзен қаласының жұмыс іздеген бір топ адамы 13 маусымда Нұр-Сұлтандағы Қазақстан президентінің әкімшілігі - Ақорда алдына жиналды.

Жаңаөзен тұрғындары бұған дейін мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беруді талап етіп, Жаңаөзен әкімдігі алдына түнеп жүрген. Әкімдіктің жұмыс тауып бермегеніне наразы екі тұрғын 9 маусымда өздерін жарақаттап, ауруханаға түскен.

Жаңаөзеннің 20-30 жас аралығындағы 12 тұрғыны президент әкімшілігінің қызметкерімен сөйлескен соң, Қазақстанның бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов және еңбек министрлігінің тағы бірнеше өкілі кездесті.

Олар министрлік өкілдеріне өздерінің шағымдарын Жаңаөзен қаласы әкімі Айбек Қосуақовтың "жеткілікті назар аудармайтынын", әкімдіктің Жаңаөзен тұрғындарын мұнай саласына жұмысқа тұрғызу жоспары түсініксіз екенін" айтты.

- Кезекте тұрғанымыз туралы түбіртек қағаз береді. Бірақ кезектің қалай жылжитыны түсініксіз. Бұл жоспарға қарасақ, жеті -сегіз жылға дейін жұмысқа орналаса алмайтын сияқтымыз. Ал “Өзенмұнайгаз”, “Бұрғылау” тәрізді мұнай компаниялары мұнайшылары “бірнеше жұмысты қатар істеп жүрміз, жұмыс ауыр" дейді,- деді жиналғандардың бірі министрлік өкіліне.

Оның сөзін қоштаған Жаңаөзен тұрғыны Ерлан Өтенов қала әкімдігі "жалған жұмыс орындарын ұсынады" деп есептейді.

- Әкімдік ұсынған жұмыстардың жалақысы 240 мың, 200 мың, 180 мың деп көрсетіліп тұр. Бәрі "өтірік" жұмыстар. Қоңырау шалсақ, “дәл қазір адам алып қойдық” дей салады,- дейді ол. Ерлан Өтенов "жұмыссыздық проблемасын" шешудің жолы бар, ол үшін мұнай өнімдерін өңдейтін зауыт салу керек деп санайды.

- Тек мұнай сатумен айналыспай, елімізде мұнай өнімдерін өңдейтін түрлі химиялық зауыттар шығарса жұмыссыздық азаяр еді,- дейді Ербол Өтенов.

Бұған дейін Жаңаөзен әкімдігі алдына түнеп келген тұрғындар, мұнан былай Қазақстан президенті әкімшілігінің алдында түнеуді ұйғарғанын айтады.

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында жұмыссыз тұрғындар биыл қаңтардан бері түрлі сипатта наразылық білдіріп келеді. Сәуір айында Жаңаөзен әкімдігі 500-ге жуық Жаңаөзен тұрғынын жұмысқа орналастырғанын мәлімдеген. Алайда жұмыссыздар проблемасы онымен шешілмегені байқалады.

Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетовтың Азаттық тілшісіне берген мәліметіне қарағанда, Жаңаөзенде тұратын 160 мыңнан астам адамның 5 мың 647-сі ресми тіркелген жұмыссыздар болып саналады.

Жаңаөзенде наразылыққа шығып, Нұр-Сұлтанға талап қойып келгендер бұған дейін де болған.

Биыл мамыр айынан басынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында түнеген "КЕЗБИ" компаниясының жұмысшылары бірнеше күннен соң "ҚазМұнайГаз" компаниясының өкілдерімен "келіссөз" өтікізіп, "талаптары 90 пайызға орындалатыны болды" деп Жаңаөзен қаласына оралған.

XS
SM
MD
LG