Ссылки доступа

Тәжік оппозициясы билік жақтастарын қудалауды жалғастырып келеді дейді 


Душанбеде соңғы үш айда "террористік және экстремистік ұйымдардың" 14 мүшесі ұсталды. Осылай деп Тәжікстанның ІІМ хабарлады.

Ұсталғандардың арасында Тәжікстанда тыйым салынған оппозициялық Исламның қайта жаңғыруы партиясының және "Группа 24" ұйымының мүшелері бар. Алайда билік олардың кім екенін ашық айтпады.

2014 жылы Тәжікстанның Жоғарғы соты "Группа 24" тобын "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Бұл ұйым 2012 жылы Ресейде құрылған. Ұйым мүшелері тәжік билігін сынап келген.

2015 жылы оппозициялық Исламның қайта жаңғыруы партиясы да "экстремистік" ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынды. Осы жылы елдің қорғаныс министрінің орынбасары болған Абдухалим Назарзода жақтастарымен билікке қарсы шығып, қарулы қақтығыс ұйымдастырған. Кейін Жоғарғы сот бұл оқиғаға Исламның қайта жаңғыруы партиясы мүшелерінің қатысы бар деп тапты.

Аталған ислам партиясының ресми өкілі Бободжон Каюмов тәжік билігі оппозицияға әлі "қара күйе жағумен" айналысып жатыр дейді.

"Ислам партиясының Тәжікстанда 40 мыңнан астам жақтасы болған. Билік олардың бәрін тұтқындап, қысым жасауды жалғастырып жатыр. Мәселен ешқашан саясатпен айналыспаған Саид Нуриді де түрмеге қамап, туыстарына қысым жасап келеді", - дейді Каюмов.

Тәжікстанда ресми мәлімет бойынша, 19 ұйымның қызметіне тыйым салынған.

XS
SM
MD
LG