Ссылки доступа

Қырғыз-тәжік шекарасындағы атыста тәжік сарбазы оққа ұшты


14 маусымда Қырғызстанның Баткен облысындағы Тәжікстанмен шекарада екі елдің шекарашылары атысты. Бұл туралы Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) хабарлады.

Атыс кезінде 26 жастағы тәжік шекарашысы қаза болды. Озоди радиосының Исфарадағы дереккөзінің хабарлауынша, оққа ұшқан шекарашы Жайхун ауданында туған. Марқұмның сүйегі Исфарадағы ауруханалардың біріндегі мәйітханада жатыр.

ҰҚМК ақпаратында таңертеңгі 6:50-7:00 шамасында Тәжікстанның "Кех" шекара бекеті жағынан Қырғызстанның "Бұлақ-Башы" шекара бекетіне оқ атылып, оған жауап ретінде қырғыз тарапынан да тәжік шекара бекетіне оқ атылғаны айтылған.

"Екі жақтың шекарашылары бірден әскери позицияға орналасқан. Қырғыз республикасының Баткен облысы бойынша шекара өкілі мен Тәжікстан республикасының Соғды облысы бойынша шекара өкілі телефонмен келіссөз өткізді. Оқиға болған жерге екі жақтың шекара тобының басшылары барған. Бірақ сағат 7:50 кезінде тәжік тарабы гранатомет пен миномет қолданып, тағы атыс бастаған" деп хабарлады Қырғызстан шекара қызметі.

Ақпаратқа қарағанда, таңертеңгі сағат 8:10 кезінде атыс тоқтаған, бірақ ҰҚМК шекара қызметі жағдай шиеленісіп тұрғанын айтады. Қазір екі елдің шекара қызметінің өкілдері кездесіп, атыстың себебін анықтап, жағдайды одан ары ушықтырмауға тырысып жатыр деп хабарлады қырғыз жағы.

Тәжістан тарабы болған оқиға жайлы әзірге ешқандай ақпарат таратпады.

Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы 970 километр шекараның 519 шақырымы келісілген, қалған бөлігі әлі нақтыланған жоқ. Қырғыздың Баткен облысы мен Тәжікстанның Соғды облысы арасындағы даулы жерде ауылдар, кей тұсында екі елдің тұрғындарының үйлері қоңсы орналасқандықтан ол жерде шекараны нақтылап, белгілеу қиындық туғызған.

Соның салдарынан көрші екі елдің тұрғындары мен шекарашылары арасында суға, жерге талас жиі болып тұрады. Кейде жанжал барысында қару қолданылып, адам өліміне ұласады.

Осының алдында, 3 маусымда тәжіктің Ворух анклавымен шектесетін Бұлақ-Башыда бірнеше сағат атыс болып, қырғызстандық екі шекарашы жараланған.

Биыл сәуір айында қырғыз-тәжік шекарасында тағы бір атыс болып, бір тәжік шекарашысы оққа ұшты.

XS
SM
MD
LG