Ссылки доступа

Қырғызстан мен Тәжікстан шекара маңында егін екпеуге келісті


Қырғызстан мен Тәжікстан мемлекеттік шекара сызығына жақын маңда ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізбеуге келісті.

Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті Шекара қызметінің хабарлауынша, 14 маусымда кешке "Қызыл-Бел-автожол" (Қырғызстан) және "Гүлістон-автожол" (Тәжікстан) бақылау-өткізу пунктері арасында өткен кездесуде екі елдің шекарашылары осындай шешім қабылдады. Бұған қоса, тараптар шекара мекемелері басшыларының орынбасарларына Бұлақ-Башы мекенінде орналасқан шекара бекеттерін бақылауды тапсырды. Мұнда осы аптада атыс болған.

Қырғыз шекара қызметі Тәжікстанмен арадағы шекарадағы жағдайды әлдеқайда тұрақты деп сипаттады - өткен түнде мұнда ешқандай қақтығыс тіркелмеген.

Еске салайық, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарашылары 14 маусымда Бұлақ-Башы мекенінде атысты. Қырғыз жағы жергілікті шекарашылар зардап шекпегенін мәлімдеді. Тәжікстан шекара бекетінің командирі жараланғанын, оның жағдайы ауыр екенін хабарлады.

Озоди радиосының дереккөздері Бұлақ-Башыдағы атыста 26 жастағы тәжік сарбазы оққа ұшқанын мәлімдеді. Соғды облысының басшысы мәліметті растамады, бірақ жоққа да шығармады.

Қырғызстан мен Тәжікстанның ортақ шекарасы 970 шақырымға созылып жатыр, соның 519 шақырымының ғана ресми мәртебесі анықталған. Шекарадағы даулы жерлерде үнемі жанжал болып тұрады.

XS
SM
MD
LG