Ссылки доступа

Тоқаев жаңадан құрылған Ұлттық құрылтайға төрағалық етеді


15 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай құру туралы жарлыққа қол қойды. Құжатта оның ережесі мен құрамы бекітілген.

Құрылтайға президент төрағалық етеді, оның орынбасары болып мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин тағайындалды.

Билік жаңа қоғамдық институт деп атаған құрылтайға халық жазушысы, ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, саясаткер Әлихан Бәйменов, сонымен бірге журналист, оппозициялық "Дат" газетінің редакторы Ермұрат Бапи мүше болды. Оған медиа саласының тағы бірнеше өкілі: Қазақстан президенті телерадиокешенінің директоры Нұрлан Қоянбаев, Qazaqstan ұлттық арнасының бас продюсері Мақсат Толықбай, экономикаға шолу жасайтын Денис Кривошеев, Қазақстан халық партиясының бұрынғы төрағасы, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев та мүше болып кірді.

Құрылтай мүшелері арасында адвокат Айман Омарова, QazVac вакцинасын жасаған Күнсұлу Закария, билік партиясы атынан депутат атанған Айдос Сарым мен Ерлан Саиров бар. Ұлттық құрылтай құрамына барлығы 117 адам мүше болып кірді.

Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиыны осы аптада жақында ғана құрылған Ұлытау облысында өтеді. Оған Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады.

XS
SM
MD
LG