Ссылки доступа

Жаңаөзенде "Кезби" компаниясы өндірісіндегі өрттен бір адам мерт болды


Маусымның 15-іне қараған түні Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы "Кезби" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс нысанында мұнай ұңғымаларын жөндеу жұмысына қолданылатын көтергіш агрегат өртеніп, салдарынан 43 жастағы машинист мерт болған.

Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметінше, өндіріс басында болған өрттен жанып кеткен адам – Бейнеу ауданының тұрғыны.

– 14 маусымда сағат 23.50-де Жаңаөзен қаласынан 40 шақырымдағы "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамына тиесілі №2 мұнай-газ өндіру басқармасы аумағында №9180 ұңғыманы тоқтату барысында АПРС-40 көтергіш қондырғысы жанған. Өрт 15 маусымда сағат 00:51-де сөндірілді. Оқиға орнынан жанған адамның мәйіті табылды" деп хабарлады Маңғыстау облыстық ТЖД баспасөз орталығы.

"Кезби" компаниясы директоры Ержан Кезбаев қаза болған машинист – 1979 жылы туған Есен Әбілханов екенін ғана айтты.

Компания әкімшілігі төтенше оқиғаны құқық қорғау органдары тексеріп жатқанын хабарлап, "оның нақты себебі жайлы әзір ештеңе айта алмаймын" деді.

"Кезби" компаниясының бұрынғы жұмысшысы Нұрсұлтан Нұрымов Facebook әлеуметтік желісіне төтенше оқиға болған жерден түсірілген видеоны жариялады. Онда кеніш басында жанып жатқан агрегат пен отқа оранған бір адамның сұлбасы байқалады. Видеоны түсіріп тұрған адамның жыламсырап: "Үшінші бригаданың машинисі жанып кетті. Бәрін қопарды, не істейміз енді!?" деп айқайлаған дауысы естіледі.

"Өрт түнде 3-бригада машинисін 26-бригадаға ауыстырып, жұмысқа жіберген кезде болған. Біз техника ескі, пайдалануға қауіпті екенін айттық, Нұр-Сұлтанға барып, наразылық та білдірдік. Талап қойғандар жұмыстан шығарылды, комиссия кеткен соң ескі техниканы қайта жұмысқа қосты" дейді Нұрсұлтан Нұрымов.

"Есен Әбілханов жұмыс істеген техника 2014 жылғы көтергіш агрегат. Ескі емес. Мұндай оқиға бізде бұрын болған жоқ. Құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Өрт сөндірушілер түнде өртті сөндірді" деді "Кезби" компаниясы директоры Ержан Кезбаев Азаттыққа.

"Кезби" компаниясы Маңғыстаудағы ең ірі мұнай-газ өндіруші кәсәіпорын "Өзенмұнайгаздың" ұңғымаларын жөндеумен айналысады. Компания жұмысшылары жалақыны көбейтуді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, былтыр жаз бен күз айларында бірнеше рет ереуілге шыққан. Ал биылғы мамырда осы талаппен Нұр-Сұлтанға келген 26 жұмысшы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы алдында он шақты күн бойы далада түнеп, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен.

Олар өздерін "Өзенмұнайгаздың" қолдануға жарамсыз деп танылған техникамен жұмыс істеуге мәжбүрлейтінін айтып, басын қатерге тігіп жұмыс істей алмайтынын мәлімдеген. Жұмысшылар талабынан соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бастаған арнаулы комиссия құрылып, "Кезби" компаниясын тексеруге барған. Оның қорытындысы әлі жарияланған жоқ.

XS
SM
MD
LG