Ссылки доступа

Түрмеде отырған экс-банкир Жомарт Ертаев жаңадан қозғалған қылмыстық іске куә ретінде тартылған


"RBK банкіндегі қаржы жымқыру ісі" бойынша түрмеде жазасын өтеп жатқан бұрынғы банкир Жомарт Ертаев жаңадан қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеуге куә ретінде тартылған. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

"Тергеуші қылмыстық іс аясында жүргізіп жатқан тергеу амалдарына Жомарт Ертаевты қатыстырып отыр. Ертаевқа "қорғануға хақы бар куә" статусы берілген, оған қандай да бір айып тағылмаған" деген Алматы прокуратурасы баспасөз қызметі агенттікке.

Прокуратура RBK банкі өкілдерінен құқық қорғау органдарына түскен арыз бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") бойынша тергеу жүріп жатқанын айтқан.

RBK банкінен 143 млрд теңгеден астам қаржы жымқыру ісі бойынша 2020 жылы қарашада үкім шығарған сот бұрынғы банкир Жомарт Ертаевты 11 жылға бостандығынан айырып, экс-банкирден RBK банк есебіне 59 млрд теңге (138 млн доллар) тәркіледі. Қолма-қол ақшамен қоса Ертаевқа тиесілі акциялар, ұшақ, Мәскеудегі пәтер, әкімшілік ғимараттары және қымбат көліктер банктің иелігіне өткен. Бұдан бөлек Ертаев банкке 1,1 млрд теңге қолма-қол ақша және Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларындағы пәтерлерін, көліктері мен басқа да мүлкін тапсырғаны айтылған.

2021 жылы наурызда Алматының Алмалы аудандық соты "RBK, Еуразия және Qazaq банктеріндегі қаржы жымқыру ісі" бойынша айыпталған бұрынғы банкир Жомарт Ертаев пен олигарх Нұрлан Тілеубаевқа үкім шығарды. Сот бөтеннің сеніміне кіріп, алдау арқылы оның мүлкін иемденді деп айыпталған Ертаевты - 9 жылға, "қаржы жымқырды" және "жалған құжат жасады" деп айыпталған Тілеубаевқа да дәл сондай мерзімде түрме жазасын берген. Екеуіне 10 жылға дейін коммерциялық ұйымдарды басқару ісімен айналысуға тыйым салған.

Ертаев және онымен сыбайлас деп танылған тағы төрт адамнан RBK банкке - 97,5 млрд теңге, Qazaq Bank-ке - 46,2 млрд теңге және Еуразия банкіне - 24,2 млрд теңге өндіріп алу туралы берілген өтінішті сот қанағаттандырған.

2021 жылы мамырда апелляция соты Ертаевтың жаза мерзімін екі жылға қысқартқан. Онымен бірге 8 жылға сотталған Qazaq Bank-тің бұрынғы акционері Бақыт Ибрагимнің (бұрынғы премьер-министр, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың күйеу баласы деп айтылады) де жазасы бір жылға қысқарған.

Жомарт Ертаев Қазақстан билігінің сұрауы бойынша 2018 жылы мамырда Мәскеуде ұсталған. Келесі жылы наурызда Ресей оны Қазақстанға экстрадициялаған.

XS
SM
MD
LG