Ссылки доступа

Қырғыз үкіметі жер басып алғандарға жазаны күшейтуді ұсынды


Қырғызстан Әділет министрлігі жерді заңсыз басып алғандарға жазаны күшейтетін заң жобасын ұсынды.

Құжатты қоғам талқылау үшін министрлер кеңсесінің сайтына жариялады.

Қылмыстық кодексте өзгенің жерін басып алғандарға 20-50 мың сом айыппұл салу қарастырылған. Заң жобасының авторлары оны 50-100 мың сомға дейін (650-1200 доллар) ұлғайтуды ұсынып отыр. Бұған қоса, жерді заңсыз басып алған адам оны иесіне қайтарып, келтірген залалын өтеуі тиіс.

Қолданыстағы заңнамаларда жерді күшпен басып алғандарды бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Заң жобасында жазаны жеті жылға дейін ұзарту ұсынылған.

Сәуір айында президент Садыр Жапаров жерді басып алуға жол бермейтін шаралар қабылдауды тапсырған.

Қырғызстанға 13 мыңға жуық гектар жер ауыл шаруашылығына арналған делінеді, бірақ шын мәнінде ол жерлердің көбінде адамдар тұрып жатыр. Адамдар бұл жерлерге 2005 жылдан кейін орналасқан, содан бері бірнеше мәрте қолдан-қолға өткен.

XS
SM
MD
LG