"Жаңа Конституция қабылданған жағдайда, әлбетте, азаматтардың бәрі, соның ішінде қазіргі президент те жаңа Конституция бойынша сайлауға қатысуға мүмкіндік алады. Президент осындай мүмкіндікті пайдалана ма, жоқ па, ол жағы әуелі тұлғаның өзіне және оны ұсынған партияға байланысты болады. Бірақ оның осындай құқығы бар", — дейді Садық Сафаев.
Вице-спикер Мирзияевтің үшінші мерзімге сайлауға түсу мүмкіндігін ақтауға тырысты. "Егер сіз жеке ойымды сұрасаңыз, халықаралық жағдайды сараптай алатын тәжірибелі адам ретінде айтарым, қазір біз қауіпті, аса қауіпті әлемде өмір сүріп жатырмыз. Жағдай күн өткен сайын күрделеніп барады. Оның кері салдары елімізге де тиері анық. Соған қарамастан, бізге реформаларды жалғастыра беруіміз керек. Осы реформаларды бастаған адамға оны аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік беру керек деп есептеймін. Осы тақырыпта кім-кіммен де сөз таластыруға дайынмын", — дейді вице-спикер.
Садық Сафаев - конституциялық өзгерістер жөнінде көпшілік алдында пікір білдірген алғашқы жоғары лауазымды шенеунік.
Өзбекстандағы және шетелдегі сарапшылар бұл өзгерістерді президент Мирзияев мемлекетті басқару мерзімін созу үшін жасап отыр деп топшылайды. Өзбекстанда ұзақ уақыт басқарған Ислам Каримов та солай жасаған.
Былтырғы қазанда екінші мерзімге сайланған Шавкат Мирзияев әзірге 2026 жылға қатысты жоспары туралы ештеңе айтқан жоқ. Мирзияев, мысалы, қазақстандық әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаев секілді, екіден көп мерзімге сайланбауға уәде берген емес.
Сафаевтың осы мәлімдемесінен сәл бұрын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Өзбекстандағы миссиясы сайлаулар туралы түпкілікті есебін жариялаған. Комиссия президент сайлауында бәсеке болмағанын, жаңадан құрылған және оппозициялық партияларды тіркеуге рұқсат берілмегенін сынады.
Өзбекстанның 1991 жылы сайланған тұңғыш президенті Ислам Каримов 2016 жылғы қыркүйекте қайтыс болғанға дейін конституциялық өзгерістер көмегімен төрт мәрте және референдум әдісімен бір мәрте билігін создырды. Өзбекстан Конституциясы тәуелсіздіктің 30 жылында 16 рет өзгерді.
64 жастағы Шавкат Мирзияев 2016 жылы мемлекет басшысы қызметіне кіріскенге дейін 13 жыл қатарынан үкімет басқарған.