Ссылки доступа

"АрселорМитталдағы" апаттан соң қауіпсіздікке жауапты екі басшы қамауға алынды


"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының металлургиялық комбинатындағы апаттан соң "қауіпсіздік жұмысына жауапты" екі басшы ұсталды. Бұл туралы 20 маусымда Қарағанды облысы полиция департаменті хабарлады. 

Тергеу соты күдіктілерді қамауға алу туралы шешім шығарған. Оларға "Құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамау салдарынан төрт және одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" бабы бойынша айып тағылған. Бұл бап бойынша үш жылдан сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Полиция ұсталғандардың қызметі мен аты-жөнін жарияламады.

10 маусымда АМТ металлургиялық комбинатында цехтың төбесі опырылып, жұмысшылар үйінді астында қалды. Төрт адам қаза тауып, бір адам қатты зардап шеккен. Ал 16 маусымда АМТ компаниясына тиесілі жылу электр орталығындағы қазандықты жөндеу кезінде бір жұмысшы мерт болды.

Қазір осы апаттарды тексеру үшін арнайы комиссия да құрылған. Осы екі қайғылы оқиғадан соң интернетте АМТ компаниясының топ-менеджерлерін жауапқа тартуды талап еткен петиция жарияланды. Ал депутаттар компанияға техникалық аудит жүргізуді талап еткен.

АМТ комбинаттарында мерт болған жұмысшылардың жақындары құрған "Шахтерлер отбасы" қоры қайғылы оқиғаға жауаптылар қылмыстық жауапқа тартылуы керек деген.

АМТ компаниясына тиесілі металлургиялық комбинаттар мен басқа дакеніштердегі қауіпсіздікке қоғам мен билік тарапынан жиі сын айтылады.

Былтыр күзде төтенше жағдай министрі Юрий Ильин АМТ компаниясының өндірістік нысандарында қауіпсіздік ережелері сақталмайтынын бірнеше рет анықтап, шара қолданғанын айтқан. Алайда соттар нысанның жұмысын тоқтату туралы өтініштерді орындамай, тек айыппұлмен шектелген.

XS
SM
MD
LG