Ссылки доступа

Қырғызстанда ойынханалардың ашылуына қарсы топ "Ақ үй" алдына жиналды


22 маусымда Бішкекте Жогорку Кенеш ғимараты алдына ойынханалардың ашылуына қарсы жиырма шақты адам жиналды.

Акцияға қатысушылар депутаттардан ойынханаларға рұқсат ететін заңды қабылдамауын талап етті. Әзірге парламент өкілдері наразы топпен жолығуға шыққан жоқ.

Еске салайық, 20 маусымда парламенттің бюджет, экономика және салық саясаты жөніндегі комитеті ойынханаларға рұқсат беретін заң жобасын бірден екінші және үшінші оқылымда қабылдады. Комитет отырысы жабық өтті. Комитет төрағасының орынбасары, депутат Дастан Бекешев твиттерде құжатқа қарсы дауыс бергенін мәлімдеді.

Өткен аптада комитет аталған заң жобасын талқылаудан бас тартып, құжаттың тікелей эфирде талқылануын, оған үкімет басшысы Ақылбек Жапаровтың да қатысуын талап еткен.

11 мамырда Жогорку Кенеш Қырғызстанда ойынханалар жұмысына рұқсат беретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Құжат ойын автоматтары мен онлайн-ойынханаға рұқсат береді. Заң жобасында Қырғызстан азаматтары мен 21 жасқа толмаған шетел азаматтарына мұндай мекемелерге баруға тыйым салынған. Дегенен үкімет ойынханаларға рұқсат беру арқылы оларға салынатын салықты жыл сайын көтеріп отырғысы келеді.

Президент Садыр Жапаров пен үкімет басшысы Ақылбек Жапаров ойынханалардың ашылуын қолдайтынын бірнеше мәрте мәлімдеген. 2021 жылы депутат Бақтыбек Тұрысбеков пен Дастанбек Жұмабеков Ыстық-Көл облысында ойынханаларға рұқсат беретін заң жобасын ұсынған, бірақ қоғам қарсылығынан соң құжатты қайтарып алған. Ал президент Садыр Жапаров ойынханалар осы өңірде ғана емес, республиканың бүкіл аумағында ашылғанын қалайды.

Қырғызстанда 2012 жылы құмар ойындарға тыйым салынған. 2015 жылы тотализаторлар мен букмекерлер қызметі тоқтады. Бірақ содан кейінгі жылдары да жасырын ойынханалар мен ойын автоматтары бар залдар бірнеше мәрте әшкереленді.

XS
SM
MD
LG