Ссылки доступа

Өзбекстан: Тупаланг су қоймасы бұзылған жоқ (видео)


22 маусымда таңертең Өзбекстанның Сурхандария облысындағы Тупаланг су қоймасынан аққан судың көлемі бірден көбейген. Бұл туралы елдің төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Мекеме мәліметіне қарағанда, су қойманың сыйымдылығы 400 миллион текше метрді құраса, қазір онда 378,87 млн текше метр су бар. Жоспарланған сығым секундына 10 текше метр болса, 22 маусымда оның көлемі секундына 110 текше метрге жеткен.

"Қазір ағып жатқан судың көлемін азайту бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бұл су қоймасын бұзған жоқ", – деп жазылған мекеме мәлімдемесінде.

Алайда министрлік су көлемі не себептен көбейгенін түсіндірмеді.

Осыған дейін әлеуметтік желілерде дамбадан су ағып, жақын аймақтағы елді-мекенді су алып жатқаны хабарланған.

2020 жылдың мамыр айында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, Сырдария облысындағы Сардоба, Акалтекин және Мирзаабад аудандарын су басқан. Су Қазақстанның оңтүстік өңіріне дейін жетіп, біраз аудандарды су алған.

XS
SM
MD
LG