Ссылки доступа

Қырғыз ұлттық банкі доллар жетіспейтінін мойындады


Қырғызстандағы валюта нарығында қолма-қол доллардың жетіспеушілігі халық сұранысын толық өтеуге кедергі болып отыр.

Ұлттық банк азаматтардың ақша аудару операцияларындағы қиындықтарға қатысты сауалына осылай деп жауап берді.

Банк мәліметінше, америкалық валюта жетіспеушілігі "кейбір жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың қаржы нарығында спекуляция жасауынан, олардың Ресей рубльі ен АҚШ долларын Қырғызстан банктерінде ауыстырып, шетелге шығаруынан" туындаған.

Сол себепті елдің бас қаржы реттеушісі шара қолдануға мәжбүр болды. "Қазір халықаралық ақша аудару жүйелерімен Қырғызстан аумағына түскен ақшаны жолданған ел валютасымен немесе ұлттық валюта - соммен ғана шешіп алуға болады", - деп түсіндірді Ұлттық банк.

Ресей Украина аумағына басып кіріп, Батыс елдері Мәскеуге қарсы санкция енгізгелі бері валюта нарығы тұрақты болмай тұр. Наурыздың ортасында доллардың ресми бағамы 105 сомға дейін өсті, сәуірдің басында 81,5 сомға дейін түсті. Одан кейін доллар бағамы тағы көтеріліп, қайта түсті.

Қазір Қырғызстан банктерінде бір доллар орташа есеппен 80,62 сомға сатылып жатыр. Ұлттық банктің доллардың жергілікті валютаға шаққандағы ресми бағамы - 79,5 сом.

XS
SM
MD
LG