Ссылки доступа

Қырғыз шаруалары Бішкекте митинг ұйымдастырды


Қырғызстанда Шу облысы Новопокровка ауылының шаруалары 27 маусымда астанада Үкімет үйі алдына жиналып, су тапшылығына шағымданды.

Он шақты шаруа егістікке су берілмесе, өнім азайып, еңбек босқа күйіп кетеді дейді.

"Егістікті бүгін суғармаса, ертең тым кеш болады. Өнім түспейді, жүз пайыздың орнына 30-20 пайыз ғана өнім жинаймыз. Отбасын асырай алмай қаламыз. Төккен теріміз зая кетеді", - деп шағымданды акцияға қатысқан шаруа Сапар Тасмаев.

Шаруалармен Су ресурсы қызметінің басшысы Алмазбек Кыдыкеев кездесті. Оның айтуынша, 17 маусымнан бастап Қырғызстанда егістік суы жетіспей жатыр. Өйткені өзен суының деңгейі күрт түсіп кеткен.

"Кейбір аудандарға кешке су беруді тоқтатып, оны басқа аудандарға жыру арқылы бұл мәселені шешеміз. Басқа амал жоқ", - дейді Кыдыкеев.

2021 жылы Орталық Азия елдері қуаңшылықтан зардап шекті. Шаруалар өнімсіз қалды, Қазақстанда мал қырылды.

2021 жылғы көктем мен жазда Шу облысының шаруалары бірнеше мәрте Бішкекке келіп, билікке талап қойды.

XS
SM
MD
LG