Ссылки доступа

Белсенді Инга Иманбай телефонында Hermit тыңшы вирус табылғанын хабарлады


Қазақстанда тіркелмеген Демократиялық партия жетекшісі Жанболат Мамайдың әйелі, белсенді Инга Иманбай телефонында тыңшылық жасауға арналған Hermit бағдарламасы табылғанын хабарлады. Lookout Threat Lab зерттеушілерінің мәліметінше, вирустың мұндай түрін Қазақстан билігі қолданған.

"Билік мені италиялық қымбат тыңшылық бағдарламасының көмегімен аңдып жүр. Lookout тыңшылыққа қарсы бағдарламасы телефонымнан Hermit вирусын тапты. Юіздің қылмыскер емес екенімізге көздерің енді жеткен шығар? Солай ма? Соңымызға бес көлік түскені аздай, енді телефонға тәулік бойы тыңшылық орнаттыңдар. Олай болса, біздің қылмыскер емес екенімізді мойындаңдар - Жанболатты босатыңдар!" — деп жазды Инга Иманбай Facebook’тегі парағына.

16 маусымда Lookout Threat Lab киберқауіпсіздік жөніндегі зерттеу тобы Қазақстан үкіметі ел ішінде тыңшылық жасайтын Android-бағдарлама қолданатынын мәлімдеген. Ұйым мәліметінше, бағдарламаның соңғы нұсқасы қаңтар оқиғасынан үш айдан соң - биыл сәуір айында анықталған.

"Hermit Қазақстанға бағытталып қана қоймай, мұндай науқанның артында ұлттық үкімет тұрғанын анықтадық", — делінген Lookout Threat Lab есебінде.

Қазақстан билігі Lookout Threat Lab зерттеуі мен Инги Иманбай мәлімдемесіне әзірге жауап қатпады.

Мәліметтерге қарағанда, тыңшылық жасайтын мұндай бағдарлама Қазақстанда ғана емес, Сирия, Пәкістан, Чили, Моңғолия, Бангладеш, Вьетнам, Мьянма және Түркіменстанда да қолданылған.

XS
SM
MD
LG